Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс ұстаздарының тамыз кеңесі

 

Облыс әкімі алдымен арнайы ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Оған мектеп оқушыларының ғылыми еңбектері, жергілікті мұғалімдердің өздері жазған ғылыми-әдістемелік оқулықтар қойылған. Самат Ескендіров бұл жерде жас мамандар, «Болашақ» шәкіртақысының иегерлері және «Назарбаев Университеті» студенттерімен әңгімелесті. Бұдан соң алқа жиыны басталды. “Сапалы білім және тәрбие – Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты бағыты”. Бұл – биылғы жылғы облыстық дәстүрлі тамыз конференциясының тақырыбы. Өңір педагогтарының басын қосқан шарада талқыланған негізгі мәселе – 12- жылдық білім беру жүйесіне көшу. 2015 жылдан бастап еліміз бойынша жаппай жүзеге асырылатын бағдарламаға солтүстікқазақстандықтардың әзірліктері қаншалықты, осы төңіректе әңгіме өрбіп, алда атқарар жұмыстар айқындалды.

Білімді ұрпақ қалыптастыруда мектепке дейінгі тәрбие беру ошақтарының алар орны ерекше. Бұл ретте Жамбыл, Аққайың, Мағжан Жұмабаев, Ақжар аудандарында бұл мәселе түбегейлі шешілді деп айтуға болады. Ал облыс орталығында әлі де қыруар жұмыс атқару қажет. Жалпы алғанда облысымыздағы білім деңгейі көрсеткіші жаман емес. Өткен жылы мектеп оқушылары республикалық олимпиадалардан 20 медаль алған. Оның біреуі алтын, 10 күміс болса, қалғаны қола. Десе де мәселе де жоқ емес. Ол ұлттық бірыңғай тест тапсыруға байланысты. Өткен жылы мектеп тәмамдаған 1110 түлектің тек 46 пайызы ғана бірыңғай тестілеуге қатысқан. Педагогтар бұл бағытта әлі де жұмыстарды жандандандыруы қажет. Себебі ол заман талабы делінді жиында. Бұдан соң алқа отырысына қатысушыларды облыс әкімі Самат Ескендіров құттықтады.

Облысымызда мемлекеттік тілде оқытылатын мектептердің де санын арттыру қажет. Олай дейтініміз облысымыздағы  орта білім беретін 93 мектептің тек 21-інде ғана қазақ тілінде сабақ жүргізіледі екен. Жыл санап бала саны аз мектептер қатары да артып келеді. Мәселен, былтыр ол көрсеткіш 120 болса, биылғы жылы 140-қа жеткен. Ондағы балалар саны 10 мен 25 аралығында.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Аудан әкімдері мен білім бөлімдері және мектеп директорларына елді мекендердегі білім ошақтары мен кәсіпкерлер арасында әлеуметтік-әріптестік көкжиегін кеңейтуді міндеттеймін. Сол арқылы біз ауылдық жерлердегі білім ошақтарын біріктіре аламыз. Ал бір елден екінші елге қатынап оқуда балалар тасымалына кәсіпкерлер қол ұшын берсе, айтарлықтай көмек болары сөзсіз. Осы жағын ойластыру қажет.

 

Бұдан соң өңір басшысы еңбегімен ерекшеленген бірқатар ұстаздарды марапаттады. Облыс әкімінің құрмет грамотасы және алғыс хатын иеленгендер саны 16. Солардың бірі – даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №1 мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Анар Нұрғожина. Ұстаздық жолындағы еңбек өтілі 21 жыл.

Мектептер арасында үздік танылғаны «Бест» гимназиясы. Оларға 14 миллион 900 мың теңгенің сертификаты табысталды. Облыс әкімінің назарынан білім саласына демеушілік жасап жүргендер мен жұмысқа енді қабылданған жас мамандар да сырт қалған жоқ. Өңір басшысы олардың еңбектеріне сәттілік тіледі. Жиын барысында бірқатар жерлес педагогтарымыз «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Ыбырай Алтынсарин» төс белгісі және ҚР білім және ғылым министрлігінің құрмет грамотасы, алғыс хаттарымен марапатталды. Ал облыс әкімі Самат Ескендіровке жасөспірімдер арасында бұқаралық спортты дамытуға қосқан үлесі және өңіріміздің республикалық оқушылар спартакиадасында 1-ші орын алғаны үшін Білім және ғылым министрлігі, дене шынықтыру және спорт ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығының атынан “Алтын белгі” табыс етілді.

 

Самат Есмағи