Мәдениет

Зағиптар қоғамындағы мерекелік концерт

 

 

Зағиптар қоғамының шығармашылық ұжымы туған қаласына арнаған кешін “Петропавл вальсі” әнінен бастады. Отырғандардың біразы қаланың өркендеуімен тұспа-тұс келген қимас жастық шақтары еске түскен болар, көздеріне жас алып, “жүрегім, шырқаймын, сүйемін, сенен менің бар өмірім басталды” деген сөздері бар әуезді әндерді ынтамен тыңдап отыр. Көрермен ықыласына арнаған өнерпаздардың арасында сопрано, тенор дауысына ие әншілер бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, олар еңбекқор, өз дауыстарын шыңдау үшін көп жұмыс атқарады. Солардың бірі – Григорий Снисаренко. Бұл ұйымда ол көптен бері еңбек етеді. Мұнда келіп достарымен шахмат, дойбы ойнап, әңгіме-дүкен құрады, көңілдің кілтін ашатын әдемі әндер шырқайды екен.

 

Григорий Снисаренко, “Қазақ зағиптар қоғамы” ҚБ мүшесі:

-Мен Петропавлда 72-ші жылдан бері тұрамын. Украинадан келіп едім. Содан бері осы қоғамның ұжымымен етене араласып, бірге ғұмыр кешіп келемін. Алтын уақытымның көп бөлігі осы жерде өтеді. Көбінесе, лирикалық әндерді жаным сүйеді.

 

Концерттің бір бөлігінде облыс орталығының тарихы жайлы да сөз болды. Петропавлдың  кезінде айшықты үлкен сауда орталықтарының бірі болғандығы, сол кезде әсем ғимараттардың бой көтеріп, өзге аймақтардан ерекшеленгендігі жайлы айтылды. Және осының барлығын көздің қарашығындай кейінгі ұрпаққа әдемі қалпында қалдыру – бүгінгі толқынның міндеті делінді. Оның бәрі текке айтылмаса керек, өйткені, биыл осы Қазақ зағиптар қоғамына 75 жыл толып отыр. Ал, ондағы азаматтар тарихты білмей, өткенге көз жүгіртудің қиын екендігін жақсы біледі.

 

Светлана Бусыгина, “Қазақ зағиптар қоғамы” ҚБ “Қызылжар” КҚ президенті:

-Шығармашылық ұжымның концерті “Туған күніңмен, сүйікті қалам” деп аталады. Жиында туған күні қала күнімен тұспа-тұс келген азаматтарды құттықтаймыз. Бүгінгі Петропавлдың кескін-келбеті бұрынғыға қарағанда өзгеше. Қаламыз дамып келеді.

 

Жанарынан айрылса да, көзі ашық, көкірегі ояу жандар мақсаттарын сөзден көрі іспен дәлелдейді. Әр түрлі мекемелерде концерттер өткізеді, қала мен облыс аумағында өтетін көптеген спорттық т.б. іс-шаралардан қалыспайды.

 

Берік Қасен