Мәдениет

“Х-фактор” жеңімпаздары петропавлдықтарды қала күнімен құттықтайды

 

 

Қала күнін ерекше атап өту үшін жергілікті билік өкілдері еліміздің жас эстрада жұлдыздарын шақыртыпты. Шаһардың туған күнін ұлықтауға көпшілікке танымал Х-фактор теле жобасының экс финалистері ат салыспақ. Көгілдір экранда көрерменді өнерімен тәнті қылған дарын иелері теріскейліктерге сыйға әуенді де әуезді бағдарлама әзірлегендерін айтады.

 

Александр Шевченко, композитор, продюссер:

– “Капуччино” тобы, Айнұр Ишманова, Бейболат Сәндібаев пен Евгения Барышева өз өнерлерін ұсынады. 3 сағаттық бағдарламада хитке айналған әуендер шырқалады. Әрине, ұжым атынан шағын сыйымыз да бар. Құттықтауды жергілікті автор Сергей Мозловтың сөзіне құрылған “Петропавл әнімен” жеткіземіз.

 

“Капуччино” тобының белді мүшесі – жерлесіміз Игорь Голдобов. Жас та болса сахна саңлақтары өнерсүйер қауымының ықыласына бөленіп үлгерген

 

Игорь Голдобов:

– Бұл – туған жердегі тұңғыш концертім. Осында келмегеніме 1 жыл болыпты. Қаламды қатты сағындым. Махаббатымды әнмен жеткізуге тырысамын. Біздің ұжым жарты сағат бойы жерлестерімнің көңілін көтеретін болады.

 

Петропавлдықтардың мерекесіне цирк өнерінің майталмандары да ортақтасады.

 

Мұрат Мұтырғанов:

– Қала күніне орай арнайы цирктік бағдарлама әзірледік. Негізінен жанұялық шоу. Сондықтан еңбектеген жастан, еңкейген қарияның талғамына сай құрылды. Келіңіздер, ешкім де көңілсіз кетпейтінін айтқым келеді.

 

Концерт тамыздың 17-і күні кешкі сағат 8-де Пестрое көлінің жағасындағы “Солтүстіктің жұлдызы” саябағында өтеді. Сондай-ақ петропавлдықтар мен қала қонақтары файер-шоу мен отшашудың куәгері болады.

 

Жеңіс Ермұқанов