Құқық қорғау органдары

Қазақстан шекара қызметінің құрылғанына – 21 жыл

 

 

Әуелбек Жадриннің әр таңы осындай сап түзеуден басталады. Әнұран шырқалып болған соң, әрбір қызметкер бүгінгі міндеті жайлы хабардар етіледі. “Қарақоға” шекара заставасындағы сарбаздар күн сайын физикалық дайындықтарын шыңдап, спорттық, саптық жағынан бірқатар жаттығулар жүргізеді. Шекарашылардың сапалы қызметі мен қалтқысыз жұмыс істеуі үшін техниканың да дұрыс болуы маңызды. Бұл іске Әуелбек Жадрин жауапты.

 

Әуелбек Жадрин, ҚР ҰҚК Шекара қызметі 2032 әскери бөлімі «Қарақоға» шекара заставасының аға технигі:

– Мен техниканың дұрыстығын қараймын. Көліктер сынбай жақсы жүрсе, қызметіміз де ақсамайды.

 

Шекарашыларға қылмыскерлерді ұстауда иттер де көмектеседі. Лира мен Рекс екеуі талай бұзақыға тосқауыл болып, контрабанданың жолын кескен.

 

Есенгелді Түренов, ҚР ҰҚК Шекара қызметі 2032 әскери бөлімі «Қарақоға» шекара заставасының кинолог маманы:

-Былтыр осы ит 30- дан астам құқықбұзушыларды ұстады. Биыл 10-нан астам адамды қолға түсірдік. Мінезі жақсы. Барлық командаларды орындайды.

 

Облыс аумағында осындай 17 застава бар. Күннің атысы, таңның батысы бұл жандар барлық қазақстандықтардың тыныштығын күзетеді. Олар елге сырттан ат терлетіп келе жатқан адамның қандай екенін ажырата алады. Жіті қарап, заңбұзушылықтың алдын алады. Жүздері жылы болғанмен, тәртіптері қатал. Онсыз болмас. Өйткені, артылған жүк ауыр. Мәселен, нақ осы бақылау бекетінде 2011 жылы өңір тарихындағы ең ірі есірткі партиясы ұсталған – 20 келі героин табылыпты.

 

Бағдат Бадеков, ҚР ҰҚК Шекара қызметі «Қарақоға» шекаралық бақылау бөлімшесі бастығының орынбасары:

– Биыл мамыр айында 20 кг амфетамин тәркіледік. Одан өзге көші- қон заңнамасын бұзушыларды ұстаймыз.

 

Күніне осы жерден 3 мыңнан астам адам мен 1000-нан аса көлік өтеді екен.

 

Мағжан Ахмадина