Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірдің алғашқы жартыжылдықта әлеуметтік-экономикалық дамуы

 

Тұтастай алғанда облыс экономикасының өсімінде өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда анағұрлым ілгерілеушілік бар. Мәселен, ағымдағы жылдың 6 айында жалпы ішкі өнім 5 пайызға артып, 116,5 млрд. теңгеге жеткен. Жан басына шаққандағы тауар өндірісі мен қызмет көрсету 12 пайызға жоғарылапты. Агроөнеркәсіп кешенінің дамуында да тың серпін бар.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Биылғы жылы өңіріміздегі ырыс дәні алқабының жалпы көлемі 3,6 млн. гектарды құрады. Оған заманауи техникалардың арқасында қол жетті. Өңір агроқұрылымдары осы жылы жалпы сомасы 8,7 млрд. теңгеге машина-трактор паркін 658 бірлік техникамен жаңартты. Ол жер игеруде ылғал сақтау технологияларын кеңінен пайдаланылуға мүмкіндік беріп отыр.

 

Астық өсіру бар да, оны сақтау бар. Диқандар қауымы оны да естен шығарған жоқ. Осының арқасында агроқұрылымдар жалпы сыйымдылығы 39 мың тонна болатын 2 элеваторды алғашқы жартыжылдықта іске қосса, тағы 150 мың тонна астық сақтауға мүмкіндік беретін 8 нысанды қолданысқа енгізу жоспары тұр. Өсімдік шаруашылығын диверсификациялауда майлы дақылдар алқабы 68 мың гектарға ұлғайтылып отыр. Осының бәрі ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру бағдарламасының сәтті жүзеге асырылуына жол ашуда.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында 34,3 мың тонна ет, 208,2 мың тонна сүт өндірілді. Алғашқысы өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 5,5 пайызға артса, сүт өндірісі 6,2 пайызға өсіп отыр. Оның бәрі ауылшаруашылығы саласына бағытталған инвестицияның ұлғаюының арқасында.

 

Аталмыш салаға осы жылы бағытталған қаржы көлемі 17,2 млрд. теңгені құрап отыр. Соның арқасында 17 жоба іске асырылып, 500-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылған. Биылғы жылдың алты айында облысымыздың өнеркәсіп кәсіпорындары 67,9 миллиард теңгенің өнімін шығарған. Ол өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 4,5 пайызға артық. Шағын және орта кәсіпкерлік те дамудың даңғыл жолында. Олардың өндірген өнімдері 122,2 млрд. теңгеге тең. «Қолжетімді баспана -2020» бағдарламасы да сәтті жүзеге асырылуда өңірімізде.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-2013 жылы тұрғындардың аз қамтылған санаты үшін жалға берілетін тұрғын үйлер құрылысына ел қазынасынан бөлінген қаржыға жалпы аумағы 13,8 мың шаршы метр болатын 7 үйдің құрылысы жүргізілуде. Бес тұрғын үй үстіміздегі жылдың екінші жартыжылдығында қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр.

 

Таза ауыз су мәселесі мен ел мен елді жалғайтын күре жолдардың жағдайын жақсарту да биылғы жылы мықтап қолға алынды. Соңғысына 12,2 млрд. теңгеге жөндеу жүргізу қарастырылған. Оның жартысынан астамы республикалық, қалғаны жергілікті меншіктегі жолдарға бағытталмақ. Облыс экономикасының артуы еңбекақы мөлшерінің жоғарылауына да септігін тигізуде. Бұл ретте халықтың қаржылай кірісі алты айда 1,6 пайызға артқан. Білім мен мектепке дейінгі тәрбие беруде де ауыз толтырып айтарлық жетістіктер бар. Медицина саласын дамытуға бағытталған қаржы да қомақты.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Дегенмен, 238 кадр тапшылығы бар. Оның 83-і – ауылдық жерлерде. Қызылжар ауданынан басқаларында 3 тен 18 дәрігерге дейін жетіспейтіндігі байқалады. Жамбыл ауданында ол 18 болса, Тимирязда – 10, Есіл ауданында – 9. Ауылдық жерлерге жас мамандарды тартуда аудан басшылықтары жұмысты жандандыруы қажет.

 

Мәдениет пен спорт саласы да назардан тыс қалған емес. Оларды дамытуға бағытталған қаржы сомасы 3 млрд-қа жуық. Жалпы ел қазынасына бөлінген трансфертті қоса алғанда бірінші жартыжылдыққа бекітілген жергілікті бюджет есебі 102 пайызға орындалыпты. Бұл жетістіктерге жұдырықтай жұмыла еңбек етудің арқасында қол жеткізілді деп қорытындылады өз сөзін өңір басшысы. Халық қалаулылары жарты жылдың қорытындысын бір ауыздан мақұлдап, оң бағаларын берді. Сессия отырысында депутаттар қарауына жалпы саны 13 мәселе ұсынылған болатын. Соның бірі – қоғамдық тәртіптің қамтамасыз етілуі. Бұл жұмыстардың атқарылу барысынан залға жиылғандарды облыстық ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары Думан Таев құлағдар етті. Алайда, өңір басшысы тәртіп сақшыларының жұмысын қатаң сынға алып, полицейлер халыққа күлкі болмай, бірінші кезекте өз қарабастарының тәртібін түзеулері керектігін атап көрсетті. Жиын соңында халық қалаулылары облыстық мәслихаттың 19-сессиясына төрағаны сайлады. Ондағы отырысқа облыстық мәслихаттың депутаты Қуаныш Бишімов жетекшілік етпек.

 

Самат Есмағи