Қоғам

Петропавлдың Құрметті азаматтарының қатары толықты

 

«Петропавлдың Құрметті азаматы» атағы 1966 жылдан бері табысталып келеді. Бүгін бұл дәрежеге 5 адам ие болды. Барлығы білім, мәдениет, спорт пен денсаулық сақтау салаларының дамуына зор үлесін қосқан. Құрметті азаматтарды қала әкімі Төлеген Закариянов құттықтап, олардың еңбегін ерекше атап өтті.

Сайдаш Гайсин саналы ғұмырын халық музыкасына арнаған. Фольклорлық туындыларды тырнақтап жиған ол 80-ң сеңгіріне шықса да, әлі де сүйікті ісінен қол үзбепті. Қазір Сайдаш Гайсин – ардагерлер хорының әншісі.

 

Сайдаш Гайсин, Петропавл қаласының Құрметті азаматы:

Мен 80 жасқа келдім. Соның 70 жылын музыкаға арнаған екенмін. Осы өнерге 10 жасымнан бастап ден қойдым. Мені бүгін осындай сый- құрметке бөлегендеріңізге ризашылығымды білдіремін.

 

“Құрметті азамат” атағын алғандардың қатарында Н.Погодин атындағы орыс драма театрының көркемдік жетекшісі Виктор Шалаев та бар. Тәжірибесі таудай әртіс 100-ден астам рөлді сомдаған. Ал, 3-ші қалалық аурухананың жан сақтау және анестезиология бөлімшесінің меңгерушісі Федор Кошуба медицина саласында жылдар бойы аянбай еңбек етіп келеді. Ел намысын талай байрақты додаларда абыроймен қорғаған спортшы қызымыз Маргарита Мұқашева да “Петропавлдың Құрметті азаматы” атанды. Білім саласын өркендетуге, әсіресе, қазақ тілінің қолданыс аясына кеңейтуге атсалысып жүрген №20  мектептің директоры Шарғия Мұқышеваның да еңбегі лайықты бағаланды.

 

Шарғия Мұқышева, Петропавл қаласының Құрметті азаматы:

-Алғысым шексіз. Әлі де білім саласына зор үлес қосамын деген ойдамын.

 

Жалпы, осы уақыт аралығында «Петропавлдың құрметті азаматы» атағына 39 адам ие болған.

 

Мағжан Ахмадина