Билік

Облыс әкімі өңір жастарымен кездесті

 

 

Лагерьдің жабылуында жастар аймақ басшысы Самат Ескендіров және Парламент Сенатының депутаты Анатолий Башмаковпен кездесті.  Кездесу галстуксыз бейресми түрде өтті. Ашық диалогта өңіріміздің белсенді жастары аймақ басшысына бүгіннен саясатқа араласуға дайын екендіктерін танытуға тырысты. Ел игілігіне жарап қалған келешек ұрпақ өлкенің бірінші жетекшісіне өздерін толғандырып жүрген мәселелерін айтып қалды. Өскелең ұрпақ қатарластарына үлгі болатын белсенді жастардың жұмысы мен жетістіктерін насихаттайтын телебағдарламар жоқ дейді. Самат Ескендіров сұраныстың қанағаттандырылатынын жеткізді.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

Ол үшін эфир уақыты мен қаржы қарастыратын жағдайымыз бар. Ойларың дұрыс. Майталман спортшы мен еңбекқор жас маман, он саусағынан өнер тамған шеберлерді өзгелері білуі тиіс. Оларға қарап бой түзеп сабақ алады. Ол бағдарламаны тапқыр жастардың игілігіне береміз.

 

Заман ағымымен бірге дамитын жастар облыс әкімінің жұмысы тым тығыз екенін жақсы түсінеді. Сондықтан ғаламтор арқылы байланысуға мүмкіндік жасалса екен деп ниет танытты.

 

Әсем Уәкішева, СҚО әкімінің БАҚ жөніндегі кеңесшісі:

– Облыс әкімінің жеке блогы бар. Онда өңір жетекшісі күнделік жүргізеді. Ол бетке кіріп, кезкелген өз ұсынысын қалдыра алады. Самат Ескендіровтың виртуалдық қабылдауы да тәулік бойы жұмыс істейді. Онда түскен сауалдың жауабы 4 күннің ішінде беріледі.

 

Кездесу қатысушыларын көшбасшының қандай қасиеттерге ие болу керектігі де қызықтырды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Меніңше әр көшбасшы, біріншіден, айналасындағыларға сеніммен қарауы тиіс. Шыншыл болғаны абзал. Барлық адамгершілік қасиеттерді бойына дарыта білуі керек. Әрине кәсіби шеберліктің де маңызы зор. Күш қайратын пайдаға асыра алатын жігер қажет.

 

Білімді де жігерлі жастар ашық диалогтың қызықты өткенін айтып әңгіме құрған билік өкіліне алғыстарын білдірді. “АРДОС-жүрек” мүгедектер бірлестігінің төрағасы Ақжан Қарымов бұндай мүмкіндікті қалт жібермеді.

 

Ақжан Қарымов,“АРДОС-жүрек” мүгедектер бірлестігінің төрағасы:

– Бұндай кездесулер біз үшін өте қажет. Билік өкілдерімен қоғамдық мәселелерді шешуде өз ойларымызбен бөлістік. Оның қаншалықты дұрыс екенін әлі жақсы түсіне қоймасақ та мол тәжірибе жинадық.

 

“Жастар  – Отанға” саяси жазғы лагері 13 тамыздан өтіп жатыр. Бағдарлама үш күнге шақталған. Оған барлығы елу белсендісі атсалысуда. Осы уақытта жастарға табысты іс жүргізудің, саясатқа араласудың алғы-шарттары түсіндірірілді. Танымдық акцияның шеберлік сабақтарын Астана, Өскемен қалаларының оқытушылары өткізді. Сондай-ақ қатысушыларға әлеуметтік саяси мәселелерді шешуге бағытталған өз жобаларын құру мүмкіндігі жасалды. Әділқазылар “АРДОС-жүрек” мүгедектер бірлестігінің тың ойын үздік деп тапты. Жеңімпаздар игі бастамаларын жүзеге асыру үшін 100 мың теңгенің грантына ие болды.

 

Жеңіс Ермұқанов