Ауыл шаруашылығы

Биыл теріскей диқандары 5 млн. тоннаға жуық астық бастырады деп жоспарланып отыр

 

Биылғы жылғы орақ науқаны өңірімізде 4 млн 365 мың гектар алқапта жүргізілмек. Оның 3,6 млн гектары – бидай. Жиналатын астық шамамен 5 миллион тоннаға жуықтайды деп болжанып отыр. Жылына экспортталатын сары алтын 2 миллион тоннаға жуықтаса, ішкі айналымға шығатыны 1 миллион тоннадай. Ал оларды тұтынушыға жеткізу “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамының күшімен жүзеге асырылады. Биыл да оларға артылар міндет ауқымды.

Қанат Алпысбаев, “Қазақстан темір жолы”ҰК” АҚ вице-президенті:

-Сіздерде өсірілетін астыққа алыс-жақын шет елдерден сұраныс бар. Өткен жылы бидайларыңызды Әзірбайжан мен Иранға дейін жеткіздік. Жылжымалы құрылымдарымыз қазір толығымен дайын. Сіздер тек экспорттайтын астықтарыңызды қай портқа жеткізу керектігін нақтыласаңыздар болды. Тарифті келісеміз.

 

“Қазтеміртранс” акционерлік қағамы да теріскейлік диқандарға қол ұшын беруге әзір. Олар өздеріндегі астық таситын вагондар жетпеген жағдайда оған ресейлік “Русагротранс” компаниясын да жұмылдырамыз деп отыр. Екеуара жасалынған келісім бар.

 

Қанат Әлмағамбетов, “Қазтеміртранс” АҚ президенті:

-«Қазтеміртранс» паркінде бүгінгі күні 65 мың вагонымыз бар.Оның 6,5 мыңы астық тасуға арналған.Оның 100-ін осы жылы «ЗИКСТО» зауытынан сатып алдық. Тапсырыс күшейіп, Балтық жағалауы мен Украинаға астық экспорттайтын кезде “Русагротранс” көмек қолын созуға дайын.

 

Облысымыздағы Қазақстанға тиесілі теміржолға “Ақмола жол бөлімі” акционерлік қоғамы жауапты. Орақ науқанына олардың әзірлігі жайында жиынғы қатысушыларды филиал директоры құлағдар етті.

 

Рамазан Айғайбеков, “Ақмола жол бөлімі” АҚ филиалының директоры:

-Облысымызда 21 астық тиеу пункттері бар. Олар мен теміржол айрығы тартылған элеваторлардың барлығы орақ науқанына әзір. Ағымдағы жылдың 7-і айында элеваторлардан 1 миллион 235 мың тонна астықты сыртқа шығардық. Қыркүйек айына дейін бұл жұмыстарды толығымен аяқтаймыз.

 

Десе де сары алтынды экспорттауда мәселе де жоқ емес. Оған негізінен құжаттарды әзірлеуде фитосанитарлар тарапынан кедергілер бар. Яғни олар анықтама беруде уақыт созатын көрінеді. Облыс әкімі жауапты тұлғаларға орақ науқаны барысында ондайға жол берілмеуі керектігін ескертті.

Бүгінгі күні облысымыздағы элеваторлар жаңа орақ науқанының астығын қабылдауға дайын. Өз кезегінде сары алтынды алыс-жақын шетелдер мен ішкі тұтынушыларға жеткізуде тасымалмен айналысатын компаниялар да жұмыстарына дер кезінде кірісуге әзір екендіктерін жеткізді.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

Орақ науқанына әзірлікті тағы бір пысықтап алдық. Астық тасымалы жөнінен мәселе туындамайды деп ойлаймын. Элеваторларды қыркүйек айына дейін босатуымыз қажет. Жиынға қатысушы меймандар қолдан келген көмектерін көрсетуге дайын. Тиімді жұмыс атқаратынымызға сенім мол.

 

Орақ науқаны үлкен жұмысты талап етеді. Сондықтан бір жағадан бас бір жеңнен қол шығарып, еңбек ету қажет. Бұл жиын қорытындысы. Келісіп пішкен тон келте болмасы анық.

 

Самат Есмағи