Қоғам

Халыққа қызмет көрсету орталықтарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу

Халыққа қызмет көрсету орталығында мемлекеттік қызмет түрлері бір терезе жүйесі бойынша көрсетіледі. Құжаттарды рәсімдеу мен тиісті ақпарат алудың өзіндік тәртібі құрылған. Бекітілген стандартты бұзу мүмкіндігі жоқ. Өйткені, жүйе орталықтандырылған. Талап – бәріне бір. Әр клиент көрсетілген қызметтің бағасын арнайы сауалнама толтыру арқылы білдіре алады. Бұл жаңашылдықтар орталық қызметкерлерінің жемқорлыққа жол бермеуінің қамында ендірілген.

Ольга Юрьева, “Халыққа қызмет көрсету орталығы” РМК СҚОФ менеджері:

– Халыққа қызмет көрсету орталығының клиенттермен жұмысы ҚР жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасының негізінде құрылған. Сондай-ақ 2013 жылдың 19-шілдесінде қызметкерлердің кәсіби этикалық кодексі қабылданды.

 

Жаһандану дәуірінде еліміздің мемлекеттік қызметтер жүйесінде заманауи ақпараттық технологиялар барынша пайдаланылуда. Бүгінде жеке және заңды тұлғалар ешқайда бармай-ақ жұмыс орнында, не үйінде отырып қажетті ісін тындыру мүмкіндігіне ие. Заңдастырылған құжатты алу үшін ғаламторға шығу жеткілікті. Онда электронды үкіметтің e.gov.kz веб-порталына тіркелу қажет. Ойын жүзеге асырам деушіге бар болғаны халыққа қызмет көрсету орталығына тіркеліп, сандық қолдың кілтін алу қажет. Бұлда әлеуметтік зұлымдықтың тамырына балта шабудың бірден бір жолы.

 

Виталий Сосновский, “Халыққа қызмет көрсету орталығы” РМК СҚОФ инспекторы:

– Порталдың артықшылығы 24 сағат тәулік бойы жұмыс істейді. Оның арқасында анықтама беру тәртібінің жеңілдеуімен қатар арыздарды қарау уақыты азайып отыр. Бұрынғы толған құжаттаманың керегі жоқ. Ұзақ уақыт тағатсыздана күтетін жауап, енді 1-ақ күннің ішінде беріледі. Бүгінде электронды қызметтің 200-ге тарта түрі қарастырылған.

 

Қағазбастылық пен жол, уақыт машақатын шешетін жаңашылдық, әсіресе шалғайдағы аудан тұрғындарына өте тиімді. Бүгінде электронды үкімет порталындағы әлеуметтік қызметтердің жартысынан астамы онлайн режимінде жұмыс істейді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу көзделген. Сондай-ақ, мұндағы қызметкерлерді көз қысты, бармақ бастылыққа жолатпау мақсатында дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып тұрады. Жиынға “Нұр Отан” ХДП жергілікті өкілдері мен халық қалаулылары шақыртылады.

 

Сайран Хамзин, «Нұр Отан» ХДП СҚОФ жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнiндегi қоғамдық кеңестің төрағасы:

– Жемқорлықтың алдын алу шараларының аясында “Өзіңнен баста” акциясын өткіздік. Онда мемлекеттік қызметшілер баспа беттері мен ақпараттық сайттарда өздерінің табысын жария етті. Барлығы 400-ге жуық адам атсалысты. Оның ішінде облыс әкімі мен орынбасарлары бар.

 

Қоғамдық індетке немқұрайлық танытпайтындар жемқорлық фактісіне кезіксе, орталықтың 33 26 48 сенім телефонына хабарлай алады. Қоңыраулар таңғы тоғыз бен кешкі алтыға дейін қабылданады.

 

Жеңіс Ермұқанов