ТЖ

Құтқарушылар жеке үйлердегі өрт қауіпсіздігін тексерді

1-ші Заречный көшесінің тұрғыны Борис Захаров биыл орнатқан жаңа пешін көрсетіп жатыр. Ресейде жасалған зауыт өнімінің кәдімгі пештерден артықшылығы көп екен. Оны отын-көмірмен ғана жылытып қоймай, тоққа да қосуға болады. Барлық жағынан алып қарағанда ыңғайлы әрі қауіпсіз. Жағылған сіріңкемен мұржаның тазалығы тексерілген соң мамандар пешті алаңсыз жаға беруге болатындығын айтты.

 

Борис Захаров, 1-ші Заречный көшесінің тұрғыны:

-2 киловаттық кернеуге шақталған жылытқышты тіпті, үйден кетер кезде тоқ көзіне қосып қоюға болады. Ол Новосібірдегі зауыттан шыққан. Пештің қуаты 100 шаршы метр аумақты жылытуға оңай жетеді.

 

Осылай, Қапай, Береке, Жұмысшы кенттеріндегі үй пештерінің дұрыстығы қаралған. Мамандардың айтуынша өрттің негізгі себебі – сымдардың қысқа тұйықталуы мен қарапайым қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы. Осы орайда мамандар Заречный кентінің тұрғындарына жадынамалар таратып, тілсіз жаудың алдын алу шараларын түсіндіре кетті.

Жыл басынан Петропавл қаласында 143 өрт оқиғасы болған. 4 адам көз жұмып, 11-і жарақат алған. 10 млн. теңгенің шығыны келді.

 

Аслан Ахметжанов, Петропавл қаласының төтенше жағдайлар басқармасының инженері:

– Жеке тұрғын үйлерде тұратын азаматтарға айтарым жарамсыз пешті білетін арнайы маманға жөндету керек. Отты ауа райының құбылуына қарап, абайлап қолданыңыздар.

 

Облыс бойынша да мәліметтерге тоқтала кетейік. Жыл басынан 433 өрт оқиғасы тіркеліп, 32 адам қаза тапқан. Соның 5-уі – балалар. 24 адам түрлі дене жарақатын алды. Тосыннан тап болатын тілсіз жау тұрғындарға 220 млн. теңгенің шығынын әкелген.

 

Берік Қасен