ТКШ

“Қолжетімді баспана-2020” бағдарламасын жүзеге асырудың жаңа белесі

 

«Қазақстанның ипотекалық компаниясы» акционерлік қоғамы арқылы «Қолжетімді баспана -2020» бағдарламасы шеңберінде облыс орталығында бірнеше мөлтек аудандарда тұрғын үйлер тұрғызылмақ. Олар Шығыс, Кирпичный, Южный және Набережный болып бөлінеді. Соңғысындағы жер телімі 10 гектарға жуық. Онда 28 екі және үш қабатты үйлер салынбақ.

 

Қайролла Ғалеев, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

-Ол жерде бюджеттік қаржы есебінен 2008-2010 жылдары инженерлік желі тартылды. Яғни жылу, су, кәріз құбыры мен электр жүйесі өткізілген. Жер телімі Петропавл қалалық әкімдігінің коммуналдық меншігінде.

 

Жалпы алғанда, Набережный ықшам ауданында 30 мың шаршы метр баспана салу жоспарланған. Оған “Қазақстанның тұрғын үй құрылысы корпорациясы” атсалыспақ. Ағымдағы жылдың сәуірінен аталмыш компания өкілдері Береке мөлтек ауданында екі тұрғын үйдің құрылысын бастап та кетті. Бірер аптадан соң құрылыс жұмыстарын жүргізуге конкурс жарияланбақ. Ал қазан айында баспаналар салына бастайды.

 

Қайрат Әйтекенов, «Қазақстан Тұрғын үй-Құрылыс Корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы:

-Ықшам аудандардың жоспарымен таныстық. Инженерлік желілер тартылған аумақтар бар. Біз ол жерде құрылыс жұмыстарын жүргізуге дайынбыз. Жылына шамамен 10-11 мың шаршы метр баспана тұрғызатын болсақ, онда 2015 жылға дейін ықшам аудандардың барлығын іске қосуға болады.

 

Бүгінде “Қолжетімді баспана” бағдарламасы Қарағанды, Алматы мен Шымкентте сәтті жүзеге асуда. Оны бізде де жандандыру қажет деді облыс әкімі Самат Ескендіров. Бастысы – сапа болуы шарт.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Облысымызда бұл жұмыстар осы жылдан басталып, 2015 жылға дейін аяқталуы керек. Набережный ықшам ауданында коттедж  қалашығы болады деп жоспарланған. Бірақ, ол жерде енді “Қазақстан Тұрғын үй Құрылысы Корпорациясымен” бірлесіп «Қолжетімді баспана» бағдарламасын жүзеге асыратын боламыз. Сіздермен бірге жемісті жұмыс істейтінімізге сенім мол.

 

Жалпы, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы шеңберінде өңірімізде 1 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынбақ.

 

Самат Есмағи