Бизнес және экономика

“Қазақстанның үздік тауары” байқауының өңірлік кезеңі қорытындыланды

 

“Қазақстанның үздік тауары” атағын алу үшін ел көлемінде тұрмыстық, азық-түлік , техникалық қолданыстағы өнімдерді шығаратын әр кәсіпорын қатыса алады. Тек іскер жандардың өз кәсібін дөңгелетіп жүргеніне үш жылдан кем болмауы шарт. 7 жыл бұрын Елбасының ұсынысымен жарияланған байқау әсіресе шағын және орта бизнес өкілдеріне зор мүмкіндіктер ашады.

Биылғы байқаудың өңірлік кезеңі 50-ге тарта тауар өндірушінің басын қосты. Әрине, қызметі аясында айтарлықтай жоғары нәтиже көрсетіп, өнімі сұранысқа ие болып көзге түскен кәсіпорын өзгелерінен басым болатыны сөзсіз. Ондай бәсекеге қабілеттілердің бірі – “Киров атындағы зауыт” АҚ. Зауыттықтар «Өндірістік бағыттағы үздік тауар» аталымында топ жарды.

 

Евгений Белоусов, “Киров атындағы зауыт” АҚ директорының бірінші орынбасары:

– Біздің кәсіпорнымыз тұрақты әрі белсенді дамып келеді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында өндірісті жаңғыртып алдық. Қаржылық демеуге заманауи тың технологияны ендірдік. Есесіне өнім сапасы артты. Биыл өңірлік индустриялық картаға ену үшін өтініш жаздық. Бастамамыз құпталса, дамуымызға өз септігін тигізетініне сенімдімін.

 

“Халық тұтынатын үздік тауар” номинациясында жеке кәсіпкер Валерий Макаров көш бастады. Арнайы сараптама комиссиясы “Үздік азық-түлік өнімі” аталымында да беткеұстарын таңдады. Бұл сында отандық нарықта кең танымал “Сұлтан элеватор-диірмен-макарон кешені” АҚ-на тең келер ешкім табылмады. Сондай-ақ, алдыңғы қатарлы кәсіпорындардың бірқатарына қосымша диплом табысталды. “Қазақстанның үздік тауары” байқауының өңірлік кезеңінде жеңімпаз ретінде танылғандар өңір намысын республикалық сында қорғайтын болады.

 

Жеңіс Ермұқанов