Құқық қорғау органдары

Қалта ұрыларынан сақ болыңыздар!

Ұрылар арам ойын көбінесе қоғамдық көлік ішінде және базар аумағында іске асырады. Баукеспелер оқу орындары мен дәмханаларда да орайы келсе, мүмкіндікті қалт жібермейді екен. Қолды қылу оқиғалары автобустарда таңертең жұмысқа барарда және кешке үйге қайтарда қызатын көрінеді. Өйткені, осы мезгілде көліктер адамдарға лық толы. Асығып бара жатқан тұрғындар тар жерде епті ұрының қолын сезбей қалуы әбден мүмкін. Полицейлердің айтуынша, олар, әсіресе, 5, 23, 9 және 31 бағыттардағы шағын автобустарда кезігеді екен. Ұрылар жалғыз жүрмейді. Шаруаны екеулеп тындырады. Бірі жолаушының көңілін аулап жатқанда екіншісі арам ойын іске асыруға кіріседі. Ұрыдан зардап шеккен жағдайда бірден 102 телефонына хабарласып, түр-келбетін сипаттап беру қажет. Тәртіп сақшылары заттарды киімнің ішкі қалтасына салып, барынша мұқият болуға кеңес береді.

 

Біржан Қойшыбаев