Денсаулық сақтау

Облыстық балалар ауруханасы жаңа мамандармен толықты

Еңбек жолын енді бастаған Екатерина Малеева ауруханада хирург болып жұмыс істейді. Дәрігер күнде таңғы сағат 8-ден хирургия бөлімшесін аралап, емделушілердің хал-жағдайын сұрастырады. Жас маманның мұнда келгеніне 1 ай болған. Баспанамен де қамтылыпты.

 

Екатерина Малеева, облыстық балалар ауруханасының хирургі:

– Қарағанды мемлекеттік медициналық университетін аяқтаған соң, еш ойланбастан Петропавлға келдім. Өйткені, мен осында туып өстім. Жұмысым өзіме ұнайды.

 

Владимир Иванов та Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің биылғы түлегі. Ол – жан сақтау бөлімшесінде анестезиолог болып еңбек етеді. Жас маман жұмысым өте жауапты дейді.

 

Владимир Иванов, облыстық балалар ауруханасының анестезиологы:

– Отбасымда дәрігерлер болған емес. Жанұямызда алғаш болып осы мамандық иесі атанғым келді. Жұмысым өзіме ұнайды. Әріптестеріммен тез тіл табысып кеттім. Жалақым да көңілімнен шығады.

 

Қарағанды мен Астана қалаларындағы медициналық жоғары оқу орындарымен жасасқан келісім-шарттың аясында облыстық балалар ауруханасы бұл жолы 4 маманмен толығып отыр. Олар: хирург, анестезиолог, невропатолог және педиатр.

 

Олег Завьялов, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері:

– Біздің ауруханаға жұмысқа келген жас мамандардың әрі қарай еңбек етуіне барлық жағдайды жасаймыз. Тұратын орынмен де қамтамасыз етіледі. Биыл 4 маманды қабылдадық. Физиотерапевт жақын арада келеді.

 

Жас мамандар енді біліктілігін арттыру үшін арнайы курстарға жіберілмек. Жалпы, бүгінде облыстық балалар ауруханасында 67 медицина қызметкері бар.

 

Бану Ахметова