Денсаулық сақтау

Жаңазеландиялық “Fonterra” фирмасының өнімдерін Қазақстанға әкелуге тыйым салынды!

 

“Фонтерра” фирмасының тауары СҚО-на жеткізілді ме, ол туралы әлі нақты мәлімет жоқ. Алайда, санитар мамандар аталған шетелдік компанияның өнімін, яғни спорттық тағам мен балаларға арналған сүт қоспасын бір рет болсын тұтынған жағдайда орны толмас зардап әкелуі мүмкін дейді. Өйткені, шетелдік тауарға түскен ботулизм бактериялары көру, сезу мүшелеріне зиянын тигізеді. Сол себепті еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің қаулысымен Жаңазеландиялық “Fonterra”  фирмасының өнімін саудалауға тыйым салынды.

 

Наталья Беляева, ҚР ДСМ МСЭҚК СҚО бойынша департаменті тағам өнімдерін санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы:

– “Fonterra” компаниясының сәбилерге арналып жасалған қойытылған сүт өнімдерінде және спортшылардың протеинді қоспалары мен сусындарында улы бактериялық заттар табылды.

 

Тұрғындар арасында сұхбат жүргізу барысында бір білгеніміз олар Жаңазеландиялық фирманың атауын әлі естімеген сияқты. Олар балаларының тағамына жіті көңіл бөлеміз. Тексерілген және тұтынуға рұқсат берілген тағамды ғана аламыз дейді.

 

– Бірінші кезекте өнімнің сақталу мерзімі мен тағамның құрамына баса мән беремін. Және шетелдік азықты аса көп бере қоймаймын, өзім қолдан жасауға тырысамын.

– Балам кішкентай болғанда түрлі шырындарды жиі әпердім. Қайдан шыққанын үнемі тексеремін.

 

Егер де аталмыш өнім табылса, ол бірден сауда сөрелерінен алынып тасталады. Және бірден жойылады. Бұл алдын алу шарасына біздің өңірдің мамандары шұғыл кірісіп те кетті.

 

Наталья Беляева, ҚР ДСМ МСЭҚК СҚО бойынша департаменті тағам өнімдерін санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы:

-Жаңзеландиялық “Fonterra” өнімінің дәріхана немесе сауда үйлерінде сатылымда тұрғанын көрсеңіз дереу мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментіне хабарласыңыз .

 

Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі мен құндылығына қойылатын гигиеналық талаптар бұзылған жағдайда 52-14-46 немесе 52-14-37 нөміріне қоңырау шалуға болады.

 

Берік Қасен