Аптадағы маңызды жаңалықтар

Үкімет отырысында агроөнеркәсіп кешенінің дамуы туралы мәселе қаралды

 

 

2012 жылы Қазақстанда 2 трлн. теңгенің ауыл шаруашылық өнімі шығарылып, 11 млн. тонна астық экспортталған. Биылғы егіс науқанында 13 млн. гектардан астам алқапқа дәнді дақыл себілді. Жыл басынан ғана елдегі ірі қара мал басы 22,8 пайызға артқан. Нәтиже көңіл көншітерлік, алайда қордаланған мәселелер де жоқ емес. Бұл ретте “Агробизнес-2020” бағдарламасының мүмкіндігін барынша пайдалану көзделіп отыр. Биыл  мемлекеттік жобаны жүзеге асыруға ел қазынасынан 136,8 млрд. теңге бөлініпті. Бүгінде ауыл шаруашылық министрлігінде  15 бағыт бойынша жоспар құрылуда. Сондай-ақ, қайта өңдеу өндірісінің кешенді даму жоспары да бар. Үкімет басшысы Серік Ахметов министрлерге жобаларды толықтай қаржыландыруды тапсырды. Кейін өңір жетекшілерінің есебі тыңдалып, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының даму тұжырымдамасы талқыланды. Елдегі мұндай 16 ұйымның 13-і шығынға ұшыраған. Сондықтан тұрақтандыру қорын құрып, несиені міндетті кепілдендіру жағы қарастырылды. Серік Ахметов аймақтық даму министрі мен облыс әкімдеріне бұл мәселені бақылауға алуды жүктеді. Селекторлық байланыс үзілген соң көтерілген мәселелер жергілікті деңгейде сараланды. Облыс әкімі Самат Ескендіров “Агробизнес-2020” бағдарламасын жүзеге асыруға дайындық барысын сұрастырды.

 

Серікбай Тұралинов, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– 10-шы тамызда қаулы шықты. Енді 10 күннің ішінде ауыл шаруашылығы министрлігі мен “ҚазАгромаркетинг” АҚ өзара келісім жасасуы тиіс. Кейін соңғысы үш күн ішінде аталған бағытта жұмыстың басталғанын жариялайды. Біз бұған қызу дайындалдық. Тек құжаттарды күтіп отырмыз.

 

Самат Ескендіров ауыл шаруашылығы басқармасына бұл бағыттағы жұмысқа қарқын қосуды тапсырды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– «ҚазАгромаркетингпен» тығыз әріптестік орнату керек. Біріншіден, бағдарламаға ірі агроқұрылымдарды кірістірген жөн. Олар қажетті талаптарға жауап беруге әзір.

 

Мал шаруашылығы әлеуетін арттыру жобасының жүзеге асу барысымен “Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры” АҚ жергілікті филиалының директоры таныстырды.

 

Зейнеп Рахымбекова, “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ СҚОФ директоры:

– Бізге биыл ауыл шаруашылығын шағын несиелендіруге 15 млн. теңге бөлінді. Бүгінде несиелік қаржы толығымен игерілді. “Сыбаға” бағдарламасы аясында 350 млн. теңге қарастырылған. Барлығы 50 өтініш қанағаттандырылды. Оларға 290 млн. теңге қаражат берілді. Екі жоба халыққа қызмет көрсету орталығына тіркеуге жөнелтілді.

 

Өңір жетекшісі “Сыбаға” бағдарламасына бағытталған қаржыны толық игеруді жүктеді.

 

Самат Ескендіров,СҚО әкімі:

– Кездесулерде “Сыбаға” бағдарламасының жүзеге асуы жөнінен шағымдар түседі. Көбі негізсіз. Барлық жұмыстың нәтижесін қараша, желтоқсан айларында байқайтын боламыз. Осы уақытта алғашқы несиелік қарыз қайтарыла бастайды. Бұған әзір болғанымыз жөн.

 

Аймақ басшысы “Агробизнес-2020” жобасының ауыл шаруашылығын дамытуда алатын маңызын ерекше атап өтті. Сондықтан мүмкіндікті барынша пайдаланып қалған жөн.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Ауыл шаруашылық басқармасындағы әр орынбасар барлық 4 бағыт бойынша жіті таныс болулары керек. Іске асырылатын шаруаны қатаң бақылауға алуға міндетті. Бұл жөнінен әр аудан құлағдар болсын. Барлық тиісті бөлімдер қажетті материалдармен қамтылуы тиіс. Біздің жұмысымыздың нәтижесі ауыл еңбеккерлері қаншалықты қолдау тапқанынан байқалатын болады.

 

Сондай-ақ, облыс әкімі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың даму тұжырымдамасын құруды бақылауды тапсырды.

 

Жеңіс Ермұқанов