Билік

Петропавлдың мемлекеттік қала құрылысы кадастры жасалмақшы

 

Бүгінде жер телімдерін түрлі мақсатқа пайдалану картографиялық мәліметтерге сәйкес беріледі. Ол жоспар өткен ғасырдың 70-80 жылдары жасалыпты. Қазір ескірген құжатпен жұмыс жасау қиынға соғып отыр.

 

Төлеген Закариянов, Петропавл қаласының әкімі:

– Атқарушы билік өкілдері инфрақұрылым жөнінен нақты ақпараттармен хабардар болуы керек. Мардымды мәліметтерді мемлекеттік қала құрылысы кадастрының геоақпараттық жүйесі бере алады. Онда жер үсті, асты және ондағы өзгерістер толық көрсетілуі тиіс. Бүгінде бізде бұндай жоспарлы құжат жоқ. Сондықтан жобаларды дәл жоспарлау мүмкіндігі болмай отыр.

 

Бүгінде Астана, Алматы, Орал, Қарағанды, Қызылорда және Көкшетау қалаларының ғана заманауи құрылыс жоспарының құжаты бар. Ондай ақпараттық жүйені құру үшін шамамен 380 млн. теңге қажет. Қаржының 326 млн теңгесі инженерлік желілерді түгендеуге жұмсалмақ.

 

Валерий Затай, СҚО сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

– Мен бұл ұсынысты толықтай қолдаймын. Мүмкіндік туып жатса, ауылдық жерлерде де мемлекеттік кадастр қызметін құрған дұрыс болады. Барлық мәлімет жиналғасын бүкіл облыстың бас құрылыс жоспарын жасау керек. Ол жұмысқа 1,5 млрд. теңге қажет болады.

 

Оны құрастыру астаналық компанияға тапсырылмақ. “Надир” ЖШС бұл бағытта 8 жыл жұмыс жасап келеді. Елордалық мамандар Қарағанды, Алматы, Орал және Көкшетау қалаларының бас құрылыс кадастрын жасапты.  Аймақ басшысын бұл үрдіске жергілікті мамандардың күшін тарту жағы қызықтырды. Серіктестік жетекшісі оның мүмкін екені айтты. Сондай-ақ, отырыста тың бастамаға кірістірілетін коммуналдық қызметтердің қарамағындағы желілердің жағдайы да талқыланды.

 

Аслан Сатин, “Қызылжар су” ЖШС директоры:

– 14 адам 7 ай бойы кәсіпорынның электрондық картасын құрастырды. Өткен айдан бастап онлайн режимінде жұмыс істейді.

 

Өңіріміздің өзге кәсіпорындары да желілерін түгендеп тұрады. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Самат Ескендіров қала құрылысының кадастрын құрудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Осы төңіректе бірқатар тапсырма берді.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына қала әкімдігінің өтінішін алып бюджеттік комиссияның қарауына жіберуді тапсырамын. Жоба үш жылға жоспарланған. Кезең бойынша қаржыландырылады. Бұл жұмыс қала құрылысын бір тәртіпке келтіру үшін аса қажет. Бүл іске келесі жылы мықтап кірісу керек. Дайындыққа уақыт аз қалды.

 

Жеңіс Ермұқанов