Құқық қорғау органдары

Алиментін төлемей жүргендер көп

Сейфулин көшесі бойындағы пәтер иесінің алименттік қарызы 1 млн. теңгеге жетіпті. Отағасы отбасының шырқы бұзылғалы 10 жыл ішінде туған баласына тиесілі қаржының бір тиынын да өтемеген. Заң бойынша жалақысының 4/1 ұлына аударылуы керек.

 

– Жұбайым шетелге кетіп бара жатқанда біз келіскенбіз,  ол алименттен бас тартқан болатын.

– Енді Сізге хабарлама келді, төлейсіз бе?

– Осылай болып шықса, енді әрине.

 

Әйелі ажырасқасын бірден кішкентайын алып шетелге көшіп кеткен. Содан бері өз баласының өміріне салғырт қарайтын әке міндетін орындаудан бұлтарып жүр. Қанша жалтарғанмен заң алдында жауап беруі тиіс. Сот орындаушылары үйдегі бағалы заттарды есепке алып, тыйым салды.

 

Гүлнар Шакенова, СҚО сот актілерін орындау департаментінің сот орындаушысы:

– Бұл іс 2004 жылдың мамыр айында түсті. Осы уақыт аралығында алимент төлеуші міндетіне жауапсыз қарады. Сол себепті, аталмыш мекенжайға келіп отырмыз. Пәтердің төрттен бірі осы адамға тиесілі. Оған тыйым салдық. Қарыз өтелмесе, баспананы саудаға қойып берешекті өндіріп аламыз.

 

Сот орындаушылары соққан келесі мекенжайдан борышкер табылмады.

Үйінде болмай шыққан пәтер иесі 2010 жылдан баласының өсіп жетілуіне 267 мың теңгенің қаржылық демеуін жасауы тиіс екен. Бірақ, мойнына артылған жүктен арылуға асықпайтындардың қатарында. Десек те жағдайына түсіністікпен қарап, алименттен бас тартпайтын ата-аналар да баршылық. Бүгінде 900 жерлесіміз борышын өз еркімен әкелік борышын абыройлы атқарады екен.

 

Елена Скакунова, СҚО сот актілерін орындау департаментінің баспасөз хатшысы:

– Борышкерлерді жауапкершілікке шақыратын акциялар жыл басынан өткізілуде. Бүгінде өндіріске алынған 5 827 құжаттың 667-сі орындалды. Күн сайын үйлерді аралап рейдке шығамыз. Шара жемісін беруде. Көбі біздің келуімізден кейін міндетін орындауға тырысады.

 

Мамандардың айтуынша, әкелер ғана емес, алимент төлеуден без бүйрек аналар да қашқақтап жүр. Бүгінде облыста мұндай 90 әйел бар.

 

Жеңіс Ермұқанов