Спорт

“Қызылжар СК” футбол командасының кезекті жеңісі

 

“Қызылжар СК” ФК өткен матчтан кейін ойын кестесінде 5-орынға жайғасты. Дей тұрғанмен, “Астана 1964” құрамасы да осал емес. Қарсылас команда біздің аяқдоп шеберлерінен кейін 6-орында тұр. Аты айтып тұрғандай, “Астана 1964” құрамасы Қазақстанда бұрыннан бар. Олар 2008 жылы 3 рет ел чемпионы атанды. УЕФА чемпиондар лигасына да қатысты. Астаналық футболшылар жеңілу дегенді білмейді. Ылғи да қарсыластарының қақпасын алатын. Биылғы жылғы 19 ойынның 3-уі ғана елордалықтар үшін сәтсіз өтті. Сөйтіп, футбол алаңына шыққан қос команданың ойыны тартысты басталды. Екіжақты шабуылдар жиіледі. Бірақ, қанша тырысып баққанмен қос команда алғашқы таймда бір-бірінің қақпасын ала алмады. Жерлестеріміз үміт артқан Давити Чагелишвили де допты тиісті орынға дарыта алған жоқ. Ол өткен екі ойында бірінші болып есеп ашқан болатын. Дегенмен, ол жанын салып ойнады. Бұл жолы Астананың қақпашысы Игорь Шацкий де қырағылық танытып, өзіне бағытталған допты қақпаға кіргізбей қойды. Қосымша уақыт берілгенімен екі арада есеп ақыры ашылған жоқ. Осыған қарамастан жанкүйерлер командаларды қолдап отырды.

Екінші таймда бір ғана гол соғылды. Айып добын қақпаға дарытқан 7-номерлі қызылжарлық Виктор Кожушко болды. Есеп 1:0.

 

Виктор Кожушко, «Қызылжар СК» ФК қорғаушысы:

– Әрине, өте қуаныштымыз. Қайтсек те жеңуге тырыстық. Жанкүйерлердің қолдауы бізге көп демеу болды. Оларға алғысымды білдіремін.

 

Келесі ойын “Қарасай” стадионында тамыздың 20-сы өтеді. Онда жергілікті команда Көкшетаудың “Оқжетпесімен” кездеседі.

 

Бану Ахметова