Спорт

Петропавлда Алексей Мартыновичті еске алуға арналған республикалық велокөпкүндік аяқталды

14 жасар Никита Маматовтың бұл спорт түрімен айналысып жүргеніне 4 жыл болыпты. Жеткен жетістіктері де аз емес. Ол 160 шақырымды бағындырып, жарыстың қорытындысы бойынша жекелей есепте 4-ші орынға ие болған.

 

Никита Маматов, жарысқа қатысушы:

Үшінші орын алғым келген. Бірақ қарсыластарымнан сәл ғана секунд артта қалып қойдым. Бірақ төртінші орын алғаным үшін де өкінбеймін. Бұл да бір жетістік.

 

Ал алматылық велошабандоз Дмитрий Глазунов жекелей есепте қарсыластарын шаңына ілестірген жоқ. Ол жүзден жүйрік болып, жарыс жеңімпазы атанды.

 

Дмитрий Глазунов, жарысқа қатысушы:

Осы жарыста үздік атанамын деп ойламаған едім. Қарсыластарым да мықты екен. Бірақ жеңіс бұл жолы маған бұйырды.

 

Додаға еліміздің түпкір-түпкірінен 80-ге жуық жасөспірім қатысты. Оның ішінде 18-і – солтүстікқазақстандық велошабандоз. Облыстың намысын қорғаған жерлес спортшылар командалық есепте 2-ші орынға ие болды. Астаналықтар үздік үштікті тұйықтаса, бірінші орын Талдықорған жастарында. Жүлдегерлер диплом және сыйлықтармен марапатталады. Ал  жарыстың қорытындысы бойынша республика құрамасына спортшылар іріктелмек.

 

Біржан Қойшыбаев