Аптадағы маңызды жаңалықтар

Аудандық маңыздағы қалалар және ауылдық округтер әкімдері сайлауының қорытындысы

 

Қазақстанда мұндай сайлау бірінші рет өткізілгенін атап өткен жөн. Бұған дейін ауыл әкімдерін өңір жетекшісінің келісімімен аудан басшысы тағайындайтын. Жаңадан қабылданған “Жергілікті өзін-өзі басқару туралы” заң жүзеге асты. Жергілікті мәслихат депутаттары жанама жасырын түрде дауыс беру арқылы таңдау жасады.

 

Бейбіт Мұқанов, облыстық сайлау комиссиясының мүшесі:

166 мәслихат депутатының 3-уі ғана денсаулық жағдайына байланысты қатыса алмады. Қалғандары толығымен өзінің азаматтық борышын өтеді. Жоғары деңгейдегі ұйымдастырушылық құрылымдардың арқасында сайлау жақсы өтті деп есептейміз.

 

Көпшіліктің қалауымен аудандық маңызы бар 4 қала мен 190 ауылдық округ әкімдері сайланды. Өңірдегі елді мекендердің жаңа басшылары 571 үміткерден таңдалды. Лауазымды қызметке тұрғандардың барлығы жоғары білімді.

 

Бейбіт Мұқанов, облыстық сайлау комиссиясының мүшесі:

– Сайлау нәтижесінде 142 бұрынғы әкім орындарын сақтап қалды. 52 әкім жаңадан басшылыққа тағайындалды. Олардың ішінде 32 округтің әкімдері әйел азаматтар болып табылады.

 

Осыдан әкімшілік-мемлекеттік қызмет атқаруға нәзік жандылар да үлкен белсенділікпен ниет танытқандығын байқаймыз. Сайлаудан кейін ауылды басқаратын азаматшалардың үлесі 16,5 пайызды құрап отыр. Жаңа жетекшілердің орташа жасы 47 шамасында. 95,9 пайызы – “Нұр Отан” ХДП мүшесі. Сайлау комиссиясы өз жұмысын заң шеңберінде тыңғылықты орындады. Бұған көпшіліктің көзінше толтырылған хаттамалар мен жасалған актілер дәлел. Байқаушылар ауыл әкімдері бәйгесінің ашық әрі әділ өткенін мәлімдейді. Ешқандай заң бұзушылық болған жоқ. Арыз-шағым да тіркелмеді.

 

Бейбіт Мұқанов, облыстық сайлау комиссиясының мүшесі:

Сайлауды бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қарады. Сайлауға түскен үміткерлердіің сенім білдірген 99 азамат, басқа да қоғамдық ұйымдардың 40 шақты азаматы қатысты. Барлығының айтқан қорытынды сөзі заң бұзушылық болған жоқ.

 

Енді ауылдың сайланған беткеұстары артылған жүкті абыроймен атқарып, халық сенімін ақтауы тиіс.

 

Жеңіс Ермұқанов