Спорт

Асфальттағы спринт

Автокөлікте құйындай жүйткіп жүрген жастар мына резеңке дөңгелектермен қоршалған бұрылыстары көп тар жолда уақытқа жарысады. Ереже бойынша олар ең алдымен осы кедергілерден жай ғана жүріп өтуі тиіс. Одан кейін әрбір соғылған кедергі үшін 5 секундтан қосылып отырады. Демек, рөлдегі жүргізуші кедергілерге неғұрлым көп соғылса, соғұрлым мәреге уақытында жету мүмкіндігі азаймақ. Спорттың бұл түріне Астана, Алматы, Қарағандының жастары зор қызығушылық танытқан. Елордадан келген Александр Болвакин автораллиде жылдамдықпен қоса ұқыптылық, сақтық қажет дейді.

 

Александр Болвакин, жарысқа қатысушы, Астана қаласы:

Авторалли жарысына 2005 жылдан бері қатысып келемін. Жеңістің дәмін 2008 жылы татып көрдім. 4 кезеңнен тұратын сол қиын сайыс Алматы мен Қарағанды қалаларында өткен. Онда мен көш басында болдым. Петропавлға осы спорт түрін насихаттап, жаңадан бастағандарды қолдау үшін келдім. Алда мені Қазақстан чемпионаты күтіп тұр.

 

Нағыз ерлердің бәсекесінде Юлия Крылова да жүр. Ол бұл жарыстың бұған дейін өткен 1-кезеңінде өзінің бағын сынап көріпті. Алғашқыда кейбір ережелерді ойдағыдай орындау қолынан келмеген. Бірақ  қазылар алқасы оған тағы 2-ші мүмкіндік береді. Сол кезде ол шеберлік танытып, бірінші орынды жеңіп алады.

 

Юлия Крылова, жарысқа қатысушы:

Мен рөлге 2 жыл бұрын отырдым. Сол кезден бастап автокөлікке деген қызығушылығым арта түсті. Мұны достарым да байқап, мені кәсіпқой автошабандоздардың жарысына шақырды. Мен бас тартпай, өз күшімді сынап көруге бел байладым.

 

Жарыс Петропавлда 2 жыл қатарынан өткізіліп келеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл спорт жастарды жаман әдеттерден аулақ болуға үйретіп, үнемі жеңуге деген құлшынысты арттырады.

 

Всеволод Кондратенко, “NRC” спорттық клубының төрағасы:

-Біз бұл 2-кезеңді жылдамдықпен қоса мәнерлеп жүргізу сайысына арнадық. Мұнда автокростағы сияқты қатаң талаптар қойылмайды. 35 жүргізуші қатысуда. Олардың барлығы қарапайым машиналарымен жарысады. Және ең бастысы – қауіпсіздік ережелерінің сақталуына баса мән береміз.

 

Петропавлда осындай тағы 2 жас клуб бар екен. Олар  әзірге  мұндай жарыстарды ұйымдастырып жатпаса да, алдағы жоспарлары ауқымды. Сөйтіп, көліктің 4 бірдей дөңгелегін толығымен айналдырып, 1-ші орынды петропавлдық Анатолий Радионов жеңіп алды. Екінші орын астаналық Александр Болвакинде, үштікті жерлесіміз Иван Пономарев тұйықтады. Ал Юлия Крылова 4-ші орыннан көрінді. 4-кезеңнен тұратын автожарыстың кезекті додасы қыркүйек айында өтеді.

 

Берік Қасен