Билік

Қала бюджетіне жарты жылда 1,5 млрд теңге салық түскен

 

 

Сессияның күн тәрбіне 8 мәселе шығарылды. Соның біріншісі – Петропавл қаласында алғашқы жыртыжылдықта атқарылған жұмыстар. Бұл жөнінде қала әкімі Төлеген Закариянов есеп берді. 6 айда кәсіпорындарда 45 млрд. теңгенің өнімі шығарылып, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында табыскерлерге 1,7 млрд. теңгенің қолдауы көрсетілген.

 

Төлеген Закариянов, Петропавл қаласының әкімі:

– Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 6 бизнес субъектісі 6,6 млрд. теңгенің 7 жобасын қолға алды. Ол облыс бойынша жобалардың 23% құрайды.

 

Жарты жылда қала бюджеті салықтық түсімдер есебінен 1,5 млрд. теңгеге толыққан. Бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамту да басты назарда. Бүгінде 1-ден 6 жасқа дейінгі балалардың 65%-ы балабақшамен қамтылған. Кезекте әлі 8 мыңнан астам балғын тұр.

 

Төлеген Закариянов, Петропавл қаласының әкімі:

– Мәселені шешу жолы – мемлекет пен жеке меншік серіктестігі арқылы балабақша салу болып отыр. Жуырда «Аленушка» бөбекжайында болдым. Бұрынғы үлкен нысанның екі корпусы жеке меншікте. Біз оның қожайындарымен сөйлестік. Олар біреуін береміз дейді. Бұл тағы 100 орын ашуға септеседі.

 

Жыл басынан екі мыңнан астам азамат екі қолға бір күрек тапса, оның ішінде 1 257-сі тұрақты жұмысқа ие болды. Қалада «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша 14 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Аулаларды абаттандырып, асфальт төсеуге 150 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген. Ьұл 2012 жылмен салыстырғанда 2 есеге артық.

 

Төлеген Закариянов, Петропавл қаласының әкімі:

– Ағымдағы жылы «Петропавл Жылу Желілері» ЖШС жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту, күрделі және ағымдағы жөндеуге 1 млрд. теңгеден астам қаржыны игеруді жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта магистральді және тарату жүйесінде жұмыстың тең жартысына жуығы тындырылды. Ал, құбырлардың 84,6 %-ы қапталды.

 

Әр салаға жіті тоқталып өткен шаһар басшысының есебінен кейін халық қалаулылары өздерінің сауалдарын жолдады. Жиын соңында Төлеген Закариянов әлеуметтік-экономикалық мәселелерді депутаттармен бірлесіп шешудің маңызын атап өтті.

 

Мағжан Ахмадина