Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі құрылысшыларды кәсіби мерекемен құттықтады

 

Қай уақытта болмасын құрылысшы – қоғамға аса қажетті маман. Әрбір сала бұл қызметке тікелей байланысты десек артық болмайды. Кәсіби мерекелері қарсаңында өз істерінің бетке ұстар хас шеберлері қалалық мәдениет үйінде бас қосты. Өңір құрылысшыларын атаулы күнмен облыс әкімі Самат Ескендіров құттықтады.

Биыл өңірде әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысын жаңғыртуға 11 млрд. теңге қарастырылған. Жыл басынан бұл саланың өндірістік қарқыны 113 пайызға өсіпті. Өткен 6 айда ғана “Қолжетімді баспана-2020” бағдарламасы аясында 30 мың шаршы метр тұрғынжай қолданысқа берілді. Ауылдықтарды таза ауыз сумен қамтудың мақсатында 11 нысан салынып жатыр. Жаңадан тас жол төсеу жағы жақсы жолға қойылған. 4 емхана, 2 мектеп бой түзеуде. 18 көпқабатты үй тұрғызылуда.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Бізді алда үлкен жұмыстар күтіп тұр. Құрылыс әлеуетіне одан бетер қарқын қоса түсу керек. Маңызды шаруаға заман талабына сай тың технологиялық үрдістерді ендірген жөн. Ең бастысы бой көтерген нысандар барлық сапа талаптарын мүдірмей өтуі тиіс. Баспанаға мұқтаж жандардың мақсатына жетуі үшін тұрғынжай нарығын қолжетімді етуіміз керек. Сәулеті келіскен нысандарды көтеріп қана қоймай, абаттандыру жұмыстарын да ұмытпаған жөн. Бұл игі істі абыройлы атқаруға біздің құрылысшылардың шеберлігі мен күші жететініне сенімдімін.

 

Кейін өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын мердігерлер мен білікті құрылысшылар түрлі марапатқа ие болды. Бірқатары мінсіз қызметі үшін облыс әкімінің қолынан құрмет грамотасы мен алғыс хат алды.

Ерекше құрметке бөленгендердің қатарында “СК-Максимум” ЖШС директоры Юрий Щеголев та бар. Тәжірибелі құрылысшының аталмыш салада жүргеніне 11 жыл болыпты.

 

Юрий Щеголев, “СК-Максимум” ЖШС директоры:

– Бүгінде құрылыс саласы қарыштап даму үстінде. Бізге қол қусырып бос отыруға уақыт жоқ. Тапсырыс өте көп. Таңдаған ісімізге бар жауапкершілікпен қарауға тырысамыз. Өйткені, біздің жұмысымыздың нәтижесін халық көреді. Біздің еңбегіміздің бағаланғанына қуаныштымын. Бұл – біздің бар ұжымға берілген ортақ жоғары баға.

 

Аймақтық даму министрлігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және құрылыс істері жөніндегі комитетінің марапаттары да өз иелерін тапты.

 

Мұханбет Мусин, “ПетростойЛюкс” ЖШС бетон шебері:

– СҚО еңбек етіп жүргеніме 2 жыл болды. Жұмыс жетерлік. Бұл сұраныстың барын білдіреді. Алда да артылған сенімді ақтауға тырысамын.

 

Өз кезегінде мамандар құрылысқа үлкен қолдау жасап жүрген өңір жетекшісі Самат Ескендіровке алғыстарын білдірді. Облыс әкіміне алтын қалақ пен құрылысшылардың арнайы бас киімі сыйға тартылды.

Салтанатты шара ән-думанға ұласты. Өңіріміздің үздік өнер ұжымдары мереке иелерінің құрметіне әуенді де әуезді концерттік бағдарлама ұсынды.

 

Жеңіс Ермұқанов