Билік

«Нұр Отан» ХДП СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары болып Артур Молдағұлов тағайындалды

 

Артур Молдағұлов осыған дейін талай жауапты қызметтерді атқарған. Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары, Петропавл қаласы әкімдерінің орынбасары болған. Облыстық мәслихаттың аппарат жетекшісі қызметін де атқарды.

 

Самат Ескендіров, «Нұр Отан» ХДП СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

– Артур Молдағұловты жақсы танимыз. Облысымызға да белгілі. Мен сол себепті, оның кандидатурасын ұсындым. Ол жас басшы ретінде сапалы қызмет атқарып, партиямыздың көшбасшысы жүктеген тапсырмаларды тиянақты түрде орындайды деп ойлаймын.

 

Артур Молдағұлов өз сөз кезегінде жүктелген жаңа міндетке аса жауапкершілікпен қарап, үмітті ақтайтынына сендірді.

 

Артур Молдағұлов, «Нұр Отан» ХДП СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

– Маған жүктелген осындай зор сенімге алғысымды білдіргім келеді. Барлық білімім мен тәжірибемді партия алдына тұрған тапсырмалар мен міндеттерді шешуге жұмсап, сенімнен шығуға тырысамын.

 

Кейін өңір жетекшісі Самат Ескендіров нұротандықтардың алдында тұрған міндеттерді айқындап өтті. Ағымдағы жылдың 7 айы ішінде тұрғындардан 2558 өтініш келіп түскен екен.

 

Абай Қайсин, «Нұр Отан» ХДП СҚОФ қоғамдық қабылдауының меңгерушісі:

– Тұрғындарға заңгерлік кеңестер беріледі. Ешбірінің бұйымтайы назардан тыс қалмайды. Барлық өтініштерге жауап береміз.

 

Аймақ басшысы азаматтардың өтініштерін қарауға баса көңіл бөлу қажеттігін ерекше атап өтті.

 

Самат Ескендіров, «Нұр Отан» ХДП СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

– Қоғамдық қабылдау бойынша қызу жұмыс атқару керек. Тұрғындардан келіп түскен барлық мәселелер мен сауалдарды шешуге тырысамын. Қабылдауды айына бір емес, екі рет өткізу қажет. Ал, сіздер осында азаматтармен жиі кездесіп тұрыңыздар. Кезек күттірмейтін мәселелер болса, маған әкімдікке қабылдауға жіберіңіздер.

 

Кездесу барысында партиялық бақылау бекеттерінің жұмысы да талқыланды.

 

Самат Ескендіров, «Нұр Отан» ХДП СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

– Кеше «Береке» ауданында болдым. Тұрғындардан шағымдар түсуде. Сонда партиялық бақылау бекетін қою қажет.

 

Кездесу соңында «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының төрағасы алдағы жұмыстың ауқымды екеніне тоқталды.

 

Самат Ескендіров, «Нұр Отан» ХДП СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

– Алда әлі съезд өтеді. Жиында партияның жаңа қалыптағы доктринасы қабылданады. Онда жаңа міндеттер айқындалмақ. Бүгінде филиалдардың материалдық-техникалық жабдықталуын жақсарту керек. Бұл тұрғыда бірлесіп, жемісті жұмыс атқарамыз деген сенімдемін.

Мағжан Ахмадина