Балалар

Бүгін «Аққайың» сауықтыру лагерінде соңғы маусым басталды

 

Мұнда балалардың уақытын қызықты қылып өткізу үшін арнайы бағдарлама құрылған. Оқушылар шағын сахнада өз өнерлерін көрсетіп, түрлі ойындарға қатысады. Мұндай демалыс жеткіншектерге тек жақсы әсер қалдырары сөзсіз.

Демалыс лагерінің әр ауысымы өзіндік тақырыпты қамтиды. Осылайша, лагерьде балалар тек қана тынығып ғана қоймай, уақыттарын тиімді әрі қызықты өткізеді. Олар үшін мұнда бірнеше үйірме жұмыс істейді. Онда балалар қазақ тілін үйреніп, теннис ойнайды. Ал, алғашқы күні тәрбиешілер балаларға дайындаған арнайы концертін көрсетті.

 

Сәния Анафина, тәрбиеші:

-Қазір мұнда 200 бала демалып жатыр. Олар күніне 5 уақыт тамақтанып, әр түрлі үйірмелерге қатысады. Бұл балалар көпбалалы және аз қамтылған отбасыларынан шыққандар. Демалу маусымында бүлдіршіндерге дайындалған бағдарлама да ауқымды.

 

Лариса Гальчукова, “Аққайың” балалар сауықтыру лагерінің басшысы:

-Балалар демалуға осында келуде. Әрине, олар уақыттарын қызықты өткізгілері келеді. Ол үшін арнайы қызықты бағдарламалар әзірленді.

 

Оқушылар жас ерекшеліктеріне байланысты 7 топқа бөлінген. Олар бұл жерде 12 күн болады.

 

Біржан Қойшыбаев