Спорт

“Қызылжар СК” өз алаңында «Гефестпен” кездесті

“Қызылжар СК” ФК бұған дейін ойын турнирінің кестесінде 7 орында болатын. Бұл жолы жергілікті аяқдоп шеберлері қарағандылық “Гефест” құрамасымен кездесті. Аталған қарсылас команда биылғы бірінші лигаға алғаш рет қатысып отыр. Ал, ойын турнирінің кестесінде қарағандылықтар жерлестерімізден 3 саты төменге жайғасқан. Бұл қос құрама бұған дейін де жолдастық кездесу өткізген. Ол ойынның қорытындысы бойынша солтүстікқазақстандықтар қарсыластарын 1:0 есебімен жеңген еді. Алаң иелері бұл жолы да жеңіске жететіндеріне сенімді болып, қарағандылық аяқдоп шеберлерінің қақпасын шабуылдауға кірісіп кетті. 85-ші нөмірлі Олександр Згура допты қақпаға бірнеше рет бағыттады. Ақыры, еңбек зая кеткен жоқ. 17-ші минутта көптен күткен гол соғылды. Допты Давити Чагелишвили дарытты. Қарсылас команда да есесін жібермеуге тырысып бақты. Сөйтіп, алғашқы таймның 30-шы минутында солтүстікқазақстандықтардың қақпасына қарағандылықтар жауапты допты кіргізді. Бірақ, гол төрешінің ысқырығынан кейін соғылған соң ол есептелген жоқ. Екінші тайм басталысымен петропавлдықтар қайта шабуылға кірісті. Сөйтіп, қарсыластың қақпасын екінші рет Олександр Згура алды. Бұл соғылған гол жерлес команданың жанкүйерлеріне қуаныш сыйлады. Қарағандылықтар да есесін жіберіп алмауға тырысып жатыр. Екінші таймның аяқталуына 4 минут қалғанда 24-ші нөмердегі қарағандылық Қанат Ахметов алаң иелерінің қақпасына допты дарытты. Осылайша ойын 2:1 есебімен аяқталды. Әрине, жерлестеріміздің пайдасына. Сөйтіп, ойын турнирінің кестесінен қызылжарлықтар 2 саты жоғарылап, 5 орынға тұрақтады.

 

Олександр Згура, “Қызыл-Жар СК” ФК шабуылдаушысы:

-Ойын оңайға соққан жоқ. Дегенмен есемізді жібермей, жеңіске жетуге тырыстық. Осы кездесуде әлі де болса жоғары белестерді бағындыра алатынымызға көз жеткіздік. Келесіде тағы жақсы ойын өрнегін көрсетеміз деп ойлаймын.

 

Келесі ойын “Қарасай” стадионында тамыздың 10-нда өтеді. Онда біздің команда “Астана-1964” құрамасымен кездеседі.

 

Бану Ахметова