Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Ораза айты басталды

 

Қасиетті Рамазан – береке мен бірлік, бейбітшілік, игілік, кешірім, мейірім мен қайырымдылық айы болса, үш күн бойы аталып өтілетін Ораза айт адамдардың жан дүниесін, сана-сезімін, көңілін қуанышқа бөлейтін, кірбің ойлардан тазалайтын мереке болып саналады. Сол себепті бүгін таң рауандап атысымен қала тұрғындары “Қызылжар” орталық мешітіне қарай ағылды. Таңғы намаз сағат 8-де басталса, оған Сара әжеміз ертерек келіпті. Ақ жаулықты ана исламның бес парызының бірі – Меккеге сапар шегіп қажы атаныпты. Ал, 2-ші – ораза тұту парызын 30 жыл бойы бұлжытпай орындап келеді екен.

Сара қажы, қала тұрғыны:

-Таңғы сағат 8 болмай келіп, Алла тағалаға құлшылық етіп, 30 күн ұстаған оразамызды, оқыған тарауықтарымызды, бүкіл жасаған ғибадаттарымызды, ауыз ашқанда берген садақаларымызды Алла қабыл етті. Келер ай, келер жылдарыңызда қызық пен қуанышта қарсы алуға нәсіп етсін. Еліме, жұртыма, барлық ұрпақтарымызға тыныштық, ұзақ өмір беруге нәсіп етсін.

 

Бүгінде мешітке келгендердің дені – жастар екенін байқадық.

 

Рашид Тұрсынханов, “Қызылжар” орталық мешітінің ұстазы:

– Бүгін мың жарым  орынға шақталған орынға сыймай, адамдар мешіттің іші-сыртына толып, намазға бәрі жығылып жатыр. Жастар да көп келді. Елбасы айтпақшы, Қазақстанның болашағы жастардың қолында. Сол себепті, болашаққа сенетін, елім, жерім дейтін қазақ жастарының көбі мешітттен табылып жатыр. Ол халқымыз үшін, ата-бабамыз үшін қуаныш.

 

Ораза айтында мешіттерде кедейлерге, жоқ-жітікке қайыр-садақа үлестіріледі. Адамдар марқұмдардың басына барып, құран оқиды. Бұл ұлық мерекені әлемдегі бүкіл мұсылман қауымы ерекше ілтипатпен, ізгі істер жасаумен атап өтеді.

 

Кенжетай қажы Дүйсенбай, “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы:

-Жер бетіндегі мұсылман қауымның ең ұлық мерекесі саналатын кіші Рамазан айы мүбәрәк, құтты болсын. Міне, Алла тағала елімізге, халқымызға тыныштығын берсін деп, бүгін Қызылжар өңіріндегі мешіттердің барлығында айт намаздары оқылды.

 

Алда енді, 2 ай 10 күннен кейін үлкен Құрбан айт мерекесі келеді.

 

Берік Қасен