Спорт

Әйелдер спартакиадасы

 

Сайыскерлер қашықтыққа жүгіру, волейбол, үстел теннисі, шағын футбол сынды спорттың 9 түрінен 3 күн бойы жарысады. Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов үміткерлерді спартакиаданың ашылуымен құттықтап, сәттілік тіледі.

 

Қайрат Бекенов, СҚО әкімінің орынбасары:

-Жалпы аудандарда, облыста жалпы мемлекет тарапынан спортқа ерекше көңіл бөлінеді. Көп қаржы жұмсалады.

 

Мәдина Жайлаубаева аталмыш спартакиадада Есіл ауданының намысын қорғамақ. 11-сынып оқушысы жеңіл атлетикадан жарысады.

 

Мәдина Жайлаубаева, жарысқа қатысушы, Есіл ауданы:

– Осындай сайыстарға 1- ші рет қатысып тұрған жоқпыз. Жылда қатысамыз. Орын аламыз деген үлкен үмітіміз бар. Дайындығымыз жақсы.

 

Жеңіс тұғырынан көрінуге алаң иелері айыртаулықтар да дәмелі. Дайындықты күн сайын шыңдаған құраманың көшбасшысы Наталья Терещенконың айтуынша, командада өзгелерге мықты қарсылас бола алатын қыздар көп.

 

Наталья Терещенко, жарысқа қатысушы, Айыртау ауданы:

-Командада жеңіл атлетикадан, волейболдан, үстел теннисінен бағы жанған қыздар бар. Олар тек облыс көлемінде ғана емес, республикалық жарыстарға да қатысып, жүлдегер атанған. Осы додада жеңіл атлетикадан, тоғызқұмалақтан қыздарымызға қарсылас шақ келмейді деген сенімдеміз.

 

Алаңға сап түзеп шыққан спортшылар ауа райының қолайсыздығына қарамастан ерекше жігер танытты. Бірінші болып өткен жылғы спартакиаданың жеңімпаздары Тайынша ауданының құрамасы бет алды.

 

Асылбек Тоқпаев, бас төреші:

-Сайыс жеңімпаздары ауыспалы кубоктармен марапатталады. Ал жекелей сындарда озып шыққандар дипломдар мен медальдарға ие болады.

 

Кейін спартакиаданың ашылуы мәдениет үйінде жалғасты. Жарыс жалауы енгізіліп, алау жағылды. Шара соңы концертке ұласты.

 

Мағжан Ахмадина