Ауыл шаруашылығы

Жер қатынастары басқармасы жартыжылдықты қорытындылады

Жалпы, бүгінгі күні СҚО 9 млн 800 мың гектар жер бар. Соның ішінде 5 млн-ға жуығы – егіс алқаптары. Және биылғы жылы ауыл шаруашылығының алқабы 40 мың гектарға кеңейді. Бұл – қордағы жерлер. Ал  аумақтың 20 пайызында 2 996 шаруа және фермер қожалықтары жұмыс істейді. Қазір облыста жерлерді тиімді пайдалану үшін түгендеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл мақсатқа республика бюджетінен 93 млн. теңге бөлініпті.

 

Жомарт Еркін, СҚО жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

– 2012 жылы облыстың үш ауданында жерді түгендеу жұмыстары жүргізілді. ОлЖамбыл, Ғ.Мүсірепов және Уәлиханов аудандары. Сөйтіп, осы жұмыстар барысында аталған аудандарда 2 365 мың Га жер түгенделді. Ал, пайдаланылмай келген жер алқаптары 170 мың гектарды құрайды. Ағымдағы жылдың 1 жартыжылдығында 8072 Га жайылым жер егін егуге берілді.

 

Қалған аудандарда жерді түгендеу жұмыстары 2014 жылға дейін жалғасады. Сонымен қатар, биылғы жылы мамандар 142 елді-мекенге шекараларды белгілеу жұмыстарын жүргізді. Ал, бұл мақсатқа облыс бюджетінен 52 млн. теңге жұмсалыныпты. Жеке меншікке жерлерді сатуға келетін болсақ, онда облыс қазынасы 163 млн. теңгеге толықты. Әрине, бұл сома жыл соңына дейін көбейері сөзсіз.

Жомарт Еркін, СҚО жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

– Біздің басқармада жер комиссиясының 3 отырысы өтті. Онда жер телімдерін үлестіру мәселелері қарастырылды. Негізінде көбіне жеке тұрғын үй құрылысына жерлерді беру мәселесі туындайды. Бұл жұмыстар елді мекендерде құрылыс жоспарларының жоқтығына байланысты орындалмай отыр. Дегенмен, бұл бағытқа қаражат бөлініп қойған. Сондықтан, жерлерді беру үшін қазір жоспарлы істер жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ, Қызылжар мен Аққайың аудандарында құрылысқа жер қойнауы қазбаларын пайдалану үшін жер телімдерін беру мәселесі де қарастырылған.

Бану Ахметова