Қайырымдылық

Қарияларға сан алуан көмек көрсетілуде

Бүгінде Петропавлда 37 мың зейнеткер тұрады. Оның 210 – Ұлы Отан соғысының ардагерлері. Қарияларға күтім мен құрмет ерекше қажет. «Ардагерлер ұйымының» қалалық филиалында бұны жақсы түсініп, аса жауапкершілікпен қарайды. Қайырымдылық сенбіліктерден жиылған қаражаттан қарттарға жыл сайын қолдау көрсетіліп тұрады. Соңғы 7 айда 450 адам 9 млн. 300 мың теңгенің көмегін алған.

 

Григорий Кухарь, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Петропавл қалалық филиалының төрағасы:

-Негізінен кірісі аз адамдарға жәрдемдесеміз. Олар – 24-26 мың теңге көлемінде ең төмен зейнетақы алатындар. Бұған қоса қазір қысқа дайындалу қажет. Әрбіреуіне отын мен көмір алуға 15 мың теңгеден бөлудеміз.

 

Сондай-ақ, аға толқын өкілдеріне дәрі-дәрмекке деп 10 мың теңгеден үлестіріледі екен. Светлана Орлова жұбайымен бірге қалаған дәрісін дәріханадан ай сайын алып тұрады. Өмір бойы инженер-технолог болып жұмыс істеген. Бүгінде қызық та қиын еңбектің зейнетін қартайғанда көріп отыр.

 

Светлана Орлова, зейнеткер:

-Екеуміздің де қан қысымымыз жоғары. Бізге көмек қолын созған адамдарға алғысымды білдіремін.

 

Бар көмек бұнымен тыйылған жоқ. «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленген соғыс және тыл еңбеккерлері еліміздің шипажайларында тегін демалады. Биыл осылай 133 солтүстікқазақстандық денсаулығын жақсартып келіпті. Қариялардың тісін салуға да қаражат бар. Биыл бұл мақсатқа 10 млн 49 мың теңге қарастырылған.

 

Григорий Кухарь, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Петропавл қалалық филиалының төрағасы:

-93 мүгедектер арбасын, 193 сурдоаударма жабдығын алдық, 276 адамға протез-ортепедиялық көмек көрсетілді.

 

Астанаға саяхат жайында айтар болсақ, биыл Елордаға 192 қария барып келді. Бас қаланы аралап, тамаша әсерге бөленді. Бұл мақсатқа 4 млн. теңге жұмсалған екен. Зейнеткерлер, амандық болса, тамыздың 9- ы Астанаға тағы да жолға шығады.

Берік Қасен