ТЖ

Биыл жазда облыс аумағында 100 шақты адам судан құтқарылды

Шомылу маусымы басталғалы облыста 95 адам судан құтқарылған. Оның 32-сі балалар. Осы орайда мамандар рейдтік шараларды Есіл өзені бойында күн сайын өткізіп тұрады. Және мұнымен қоса құтқарушылар су бетіне арнайы белгілерді жыл сайын орнатамыз дейді. Бірақ оларды біреулер қолды қылса, енді  біреулері қасақана өртейді екен. Қайықта құтқару станциясының бастығымен Есіл өзенін жүзіп өтіп, оның біреуі де орнында қалмағанына тағы да көз жеткіздік.

Сергей Черкасов, СҚО ТЖД құтқару станциясының бастығы:

– Адамдар суға кеткен жерлерге белгілер қоямыз. Алайда, 2 жыл бұрын орнатылған 37 көрсеткіштің барлығын жоқ қылды. Өткен жылы 14 , биыл 7 белгі ұрланды.

 

Мұнда демалушыларға жадынамалар таратылып, кеңестер беріледі. Мәселен, мына жігіт рұқсат берілмеген жерде суға түсіп жүр. Айтуынша, ол мұнда суға шомылуға жиі келіп тұрады екен.

Михаил Шулак, қала тұрғыны:

Бұл жерде суға түсуге рұқсат берілмесе де, қауіпсіз деп ойлаймын. Өйткені, бұл жерде менен басқа қаланың өзге де тұрғындары суға шомылып жүр ғой.

Мамандар бізге де біле жүрсін деп біраз кеңестерін берді. Батып жатқан адамды құтқару үшін оның арт жағынан барып, шығару қажет. Кейін ауыз қуысын судан босатып, алғашқы медициналық көмек көрсету керек дейді.

Суға түсу маусымы 1-қыркүйеккке дейін жалғасады. Суда құтқару тобы тұрғындарға тағы да суға шомылардың алдында қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау керектігін ескертеді.

Берік Қасен