Билік

Аққайың ауданында 12 әкімнің төртеуі жаңадан сайланды

Мәдениет үйінде ұйымдастырылған сайлау учаскесіне Аққайың аудандық мәслихатының депутаттары уақытынан бұрын ертерек жиналды. Халық қалаулыларының мақсаты – ауыл-село тұрғындарының  мүддесін ойлайтын лайықты азаматты таңдау. Әрбірі  берген дауысы дұрыс болатынына нық сенімді.

 

Талғат Рамазанов, Аққайың аудандық мәслихатының депутаты:

– Бүгін жауапты күн, үміткерлердің өмірбаяндарымен, жасаған істерімен 1 ай бойы таныстық. Бүгін ауылдың тағдыры шешіліп жатыр деп есептейміз. Президенттің жарлығы бойынша ауыл әкіміне лайықты адамды сайлауға тырысамыз.

 

Ел үшін маңызды саяси науқан ҚР әнұранымен ашылды. Кейін сайлаудың тәртібі түсіндірілді. Бұдан соң жиналғандар жасырын түрде дауыс беру арқылы таңдауларын қағаз жүзінде нақтылады. Ол үшін 3 бірдей кабина орнатылған. Барлығы лауазымды қызметке 35 үміткер тіркеліпті. Мөрмен бекітілген мөлдір жәшікке дәл сонша аудандық мәслихаттың таңдау бәйгесіне іліккендердің бюллетеньдері түсуі тиіс. Араларынан 12 ауылдық округтің әкімін сайлау мақсаты тұр. Ауылдықтарды алға жетелей аламын деп ниет танытқандардың тізімі негізінен қазіргі әкімдер, ұстаз, кәсіпкерлерден құралған. Бәріне қойылатын талап бір. Кандидат жоғары білімді, жасы 25-тен кем болмауы керек. Мемлекеттік немесе жетекшілік қызметте еңбек өтілінің болуы шарт. Сондай-ақ, басқаратын өлкесін жақсы білетін аудан тұрғындары іріктелген. Жарты сағаттың ішінде сайлаушылардың бір адамдай жұмылуымен негізгі іс тындырылып, таңдау жасалды.

 

Хайыр Каскербаев, Аққайың аудандық мәслихатының депутаты

Елде жұмыс көп. Су жағын, жол мәселесін шешу керек. Енді қаржы бөлінеді дейді. Ел көркейіп жағдайларының жақсарауына тілектеспіз. Бұрын ел басқарған адамдар жаңа басшылар жұмысын жақсы атқаратынына сенімдіміз.

 

Кейін байқаушылар мен сайлау комиссиясы өкілдерінің алдында бюллетеньдер салынған жәшік ашылып, дауыстар саналды. Көпшіліктің таңдауы бір жерде тоғысты. Тілегі бірлердің қалауымен бұрынғы 8 әкім өз орнын сақтап қалды. Және 4 жаңа басшыға басымдық берілді.

Владимир Саласюк, Аққайың аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, бақылаушы:

– Сайлау Қазақстанның демократиялық даму жолына түскенін тағы бір дәлелдеді. Депутаттар 100 пайыз қатысып, маңызды іске аса жауапкершілікпен қарады. Халықтың тілегін білдірді. Сайлау ашық түрде өткеніне көз жеткіздім. Заң бұзушылықтар тіркелген жоқ.

 

Ендігі мақсат сайланған ауылдың беткеұстары артылған жүкті абыроймен атқарып, халық сенімін ақтауы тиіс. Сондықтан саяси науқан жаңа әкімшілік-мемлекеттік қызметшінің өкілеттілік әлеуетін арттыруды көздейді. Әр округ қаржылық және кадрлық ресурстармен нығайтылады. Бюджеттік бағдарламалардың әлеуетін толық пайдаланатын болады. Елді мекендердің іс-шаралар жоспары бекітіледі. Бір сөзбен жаңа жетекшілер ел игілігінің қамында сан-салалы қызметтің үйлестірушісі атанады.

Жеңіс Ермұқанов