Қоғам

Академиктер Шайхутдинов пен Молдахметовке «СҚО құрметті азаматы» төсбелгілері табыс етілді

Зейнолла Молдахметов пен Еренғайып Шайхутдиновтің кандидатурасын депутаттар облыстық мәслихаттың сессиясында бекітті. Облыс әкімі Самат Ескендіров құрметті азаматтарды аймақтың активіне таныстырды. Академиктердің екеуі де бұрынғы Преснов, қазіргі Жамбыл ауданы Октябрь селосында дүниеге келген.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

Еренғайып Мәлікұлын сіздер жақсы білесіздер. Ол өзінің еңбек жолын педагог болып бастаған. Оқу-әдістемелік және тәрбие беру жұмысын тиімді ұйымдастыра білді. Талай жыл жоғары оқу орындарында еңбек етті. Біздің мақтанышымыз – елдің дамуына сүбелі үлес қосқан Зейнолла Молдахметовты да жақсы танисыздар. 1980 жылы республикада алғаш рет кванттық химия бойынша Бүкілодақтық мектеп ашылды. Зейнолла Молдахметов сонда сабақ берген.

 

Аймақ басшысы Самат Ескендіров ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері

Зейнолла Молдахметов пен химия ғылымдарының докторы Еренғайып Шайхутдиновке “СҚО Құрметті азаматы” төсбелгісін табыс етті. Бұдан кейін қос академикті жерлестері құттықтады. Ал  профессорлар өз сөз кезегінде осындай құрмет үшін облыс әкіміне зор алғысын білдірді.

 

Еренғайып Шайхутдинов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі:

-Зейнолла екеуміз бірге өстік. Менен кіші болса да менің әкемнің інісі. Мен – Молдахметтің немересімін.

Зейнолла Молдахметов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі:

-Бұл елдің өзінің ерекшелігі бар. Әр елдің өзіне тән ерекшелігі болады ғой. Мысалы, кешегі Сәбит, кешегі Ғабит, Мағжан, Евней Бөкетов. Солардың аттарын атағанда әрқайссымызға қуат береді. Мінекей, сол қасиеттілік, қонған қасиеттілік ұзағымен болсын. Рахмет осылай қабылдап алғандарыңызға.

 

Кездесу соңында аймақ басшысы қонақтардың иығына бір-бір шапаннан жапты. Бұдан кейін облыс әкімі Самат Ескендіров, аймақтың құрметті азаматтары мен қоғам өкілдері Евней Бөкетов атындағы саябаққа барып академиктің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Данаш Хамзина