Құқық қорғау органдары

Такси жүргізушісіне қарақшылық шабуыл жасалды

 

Жамбыл ауданының такси жүргізушісі түн ортасында Петропавл қаласына апаруға тапсырыс алады. Шаруасын тындырған соң енді қайтайын дегенде тағы екі жігіт тоқтатып, Қызылжар ауданының Вишневка ауылына жеткізуді сұраған. Адамдарды тасымалдауды кәсіп еткен ауылдық жігіт аз-мұз табыс көрейін деп келісе кетеді. Жолаушылар айтылған бағыт бойынша тірі пенде кездеспейтін жерге келгенде кеңірдегіне пышақ тақайды. Күш көрсетіп, дөрекі мінез танытқандар жәбірленушінің 2 ұялы телефоны мен қалтасындағы ақшасын тартып алған. Осылайша арам пиғылдарын жүзеге асырып темір тұлпар иесін көліктің жүк бөлігіне қамап тастайды. Бұзақылардың бірі рөлге жайғасып, белгісіз жаққа бет алады. Қарақшылар ащы суды көп жұтып қойғаннан болар рөлге ие бола алмай жолдың жиегіне шығып кетіпті. Жапашегуші ыңғайлы сәтті пайдаланып, көліктен сытылып шығып, қаша жөнелген. Қаскөйлер оны қуып жете алмайды.

 

Айдар Мұқанов, Қызылжар аудандық ІІБ тергеушісі:

– Облыстық ІІД мен Қызылжар аудандық ІІБ қызметкерлерінің жұмылуымен сезіктілер ұсталды. Бұрындары күдіктілер дәл осындай қылмыс жасағаны үшін істі болған. Қазір ұсталғандарға ҚК 179 бабына сәйкес қарақшылық шабуыл жасады деген айып тағылып отыр.

 

Сыбайластар кінәләрін толықтай мойындады. Қалталарында көк тиын болмағандықтан қылмысқа көңілді отырыстарын жалғастыру үшін барғандарын айтады. Қос сезікті де уақытша тергеу абақтысында қамауда отыр.

Жеңіс Ермұқанов