Спорт

Солтүстікқазақстандықтар парашют спортымен айналыса алады

 

 

Парашютпен секіру соңғы кезде тұрғындар арасында үлкен қызығушылқ тудыруда. Бүгін Якорь селосының маңына 40-қа жуық адам жиналды. Олардың көбі спорттың экстремалдық түрінде өздерін алғаш рет сынағалы отыр.

 

Ольга Кочешкова:

Балам бұның бәрін өзі ұйымдастырды. Сондықтан, оған қолдау көрсетуге келдік. Әзірге, бәрі тыныш. Қызық әлі алда. Көңіліміз бір серпілетін болды.

 

Парашютпен секірмес бұрын алдымен міндетті түрде 2 сағат бойы нұсқау беріледі. Жалпы  қолдану техникасы аса қиын емес. Бірақ  мұқият болған артық етпейді. Ұшаққа жақсы дайындықпен мінген дұрыс. Өйткені, бар білген-түйгенің парашютті жайғанда керек болады. Оның шатырын дұрыс бағыттай білу қажет дейді нұсқаушылар.

 

Виктор Буряченко, нұсқаушы, Қарағанды қаласы:

– Бұл оның артқы жағында тұрады. Егер сол жаққа тартсақ, парашют сол бағытқа, оңға бұрсақ, оң жаққа ойысады. Екі жағын да бірдей тартудың қажеті жоқ.

 

Тәжірибелі нұсқаушылар алғаш рет секіргендердің барлығы дерлік жерге еш қиындықсыз қонатындарын айтуда. Бірақ аспанда қалықтап келе жатқанда түрлі жағдай болуы мүмкін. Мамандар сонда сабырлық сақтап, бар мүмкіндікті пайдалануға кеңес береді.

 

Виктор Буряченко:

Парашюттің қанаттары жыртылған болса да іске қосу қажет. Бір емес, бірнеше жері тесілсе де шатырын жаюдан қорықпау керек.

 

Алғаш рет секіруге бел буғандардың бойын қорқыныш билейтіні, әрине, айтпаса да түсінікті. Сол себепті, барлық іс-әрекет арнайы үлгіде көрсетіледі.

Ұшақтан қарғуға келгендердің барлығы медициналық тексерістен өтеді, егер денсаулығында кінәрат табылса, қатысуға тиым салынады. Парашюттің сөмкесі адамның арқасында. Алдыңғы жағында қосымшасы ілінеді. Бас киімнің болуы міндетті. Сонда бар жабдықтың салмағы шамамен 15 келіге дейін жетеді. Сөйтіп, дайын болған топ ұшаққа барып отырады. Бұл – Якорь аэродромының АН-2 маркілі ұшағы. Әуе кемесі бірнеше рет тексерістен өткен. Ұшақ алдымен жерден 600-800 метр биіктікке көтеріледі. Бірнеше минуттан кейін қарғуға әзір тұрған адамдарға белгі беріледі. Мұндағылардың әрбіреуі кезекпен секіреді. Ең алдымен салмағы ауырлар, арттарынан жеңілдері түседі. Парашют лезде ашылады. Алатын әсер тамаша. Құс сияқты аспанда 1 минуттай қалықтайсың. Жерге 150 метр қалғанда қонуға дайындалу керек. Экстрималдық спортта бағын алғаш рет сынағандар үшін парашютпен секіру сәтті аяқталды. Біздің арнаның тілшісі Любовь Мироедова да батыл қыздардың бірі болып шықты. Ол қанша қорықса да, ұшақтан қарғып, жерге аман-есен қонды.

 

Юрий Повелкин:

-Ең ұмытылмайтын  сәт – секірген кез. Одан кейінгісінің бәрі ілезде өтеді.

Виталий Семоненко:

-Ең басында,  төмен қарай құлдыраған кездегі әсер керемет, прашют ашылғаннан кейін –өзіңді еркіндеу сезінесің.

 

Бұл спорттық шара демалыс күндері өтті. Ұйымдастырушылар дәл осылай көктемде де жиналған екен.

 

Артем Дубровский, ұйымдастырушы:

Досым екеуіміздің парашютпен секіру арманымыз болатын. Бағымызды байқадық. Қатты ұнады. Қарағандылық нұсқаушымен танысып, оны Петропавлға шақырдық. Осылайша, жастарды салауатты өмір салтына баулуға өзіндік үлесімізді қосып жатырмыз деп ойлаймын.

 

Василий Бородай, ұйымдастырушы:

– Парашютпен ұшу уақыты шамамен 3-тен 7 секундқа дейін жалғасады.

 

Сөйтіп, адамдар тамаша әсермен тарқасты. Келесі шара қыркүйек айында ұйымдастырылады.

 

Бану Ахметова