Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімінің Қызылжар және Аққайың аудандарына жұмыс сапары

 

Шілде айында жауын-шашын мөлшерден аз түсіп, бірқатар шаруашылықтың жері құрғап қалыпты. Қызылжарлық диқандар астық масағын көтеру үшін біраз тер төктік дейді. Әйтеуір, мол тәжірибе мен ғылымды ұштастырудың арқасында бүгінгі егіннің шығымы бітік. Аймақ басшысына “ӘбиЖер” серіктестігінің алқабы көрсетілді. Мұнда бидай мен рапс өңдеудің тың технологиялары қолданылған.

 

Игорь Гришанов “ӘбиЖер” ЖШС директоры:

Сынақ сәтті жүзеге асуда. Оң қолдағы алқапта қосымша инновациялық технологиялар ендірілді. Израильдік минералды тыңайтқыштың көмегімен гектар берекелігі кемінде 5 центнерге артады деп ойлаймыз.

 

Облыс әкімі диқандармен әңгіме барысында астықты өңдеудің маңыздылығына тоқталды.

 

Масақ толыса бастағанда, өңдеу керек.

Жаңбырларға дейін 1 рет өңдедіңіздер ме?

Біз облысты аралап өткенде көрдік, өңделмеген алқаптарда бидай сап-сары, сапасы төмен болады.

 

Жаңа технологиялық үрдістердің арқасында “Сервис Жарс” ЖШС-ң танап басындағы көрсеткіш те жаман емес. Агроқұрылым 6 мың Га егінжайдың тең жартысына майлы дақылдардың тұқымын сіңіріпті. Көктемгі егіс науқанында ауыл еңбеккерлері өз қолдарымен құрастырған дән сепкіштің зор пайдасы тигендігін алға тартты.

 

Сергей Клименко, “Сервис Жарс” ЖШС директоры:

-«СЗС- 2» және бір дән сепкіштің негізінде 5 бірдей тұқым басқыш қондырғыны біріктірдік. Шетелдік агрегаттардың құрал-саймандарын қолдандық. Өзіндік жаңа үлгіні жинастыру үшін 1 млн теңге жұмсалды. Есесіне өнімділігі бірнеше есеге артты.

 

Өңір жетекшісі Аққайың ауданындағы агроқұрылымдардың да дала жұмыстарымен танысты. «Дайындық» серіктестігі иелігіндегі 7 мың Га алқапқа дәнді дақыл еккен. Оның 1,5 мыңы – рапстың үлесінде. Шаруашылық жер өңдеумен қатар мал шаруашылығын дамытуды да қатар алып жүр.

 

Біржан Шаймерденов, “Дайындық” ЖШС директоры:

– 380 га бидай қосындысы, арпа, сұлы өсіп жатыр. Мал азығы 10 мың га аумаққа егілді. Шығымы жақсы. Орта есеппен гектарынан 35 центнер жинаймыз деп жоспарлап отырмыз.

 

Облдыс әкімі мал азығын қамдау жағына басымдық беруді тапсырды. Бұл ретте  “Санта – Мария” және “Симаргл” серіктестіктерінің көрсеткіші өзгелерге үлгі боларлықтай. Мәселен, Павел Леоновтың шаруа қожалығы 1 мың тонна шөп жинап үлгеріпті. Самат Ескендіров “Полтавское” серіктестігіндегі алқаптардың жай-күйімен танысты. Жұмыс сапарын қорытындылаған облыс әкімі биылғы орақ науқанында мол өнім жинауға зор мүмкіндіктің барын айтты.

 

Жеңіс Ермұқанов