Қоғам

Теміржолшылар мерекесі

Теміржол қызметкерлерінің кәсіби мереке күні “Жастар” стадионында бас қосуы жақсы дәстүрге айналған. Шойынжолдағыларды атаулы күнмен облыс әкімі Самат Ескендіров құттықтады.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Бүгінде Петропавл теміржол бөлімшесінде 5 мың адам жұмыс істейді. Осы салада қызмет еткен 4 мың зейнеткер бар. 2012 жылы Оңтүстік Орал теміржолының жергілікті бөлімшесінен 4 млрд. теңгеге жуық салық төленген. Жыл басынан түскен төлем көлемі де аз емес. Кәсіпорын облыс орталығындағы қоғамдық шаралардан шет қалмайды. Тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға өзіндік үлесін қосып келе жатыр.

 

Елбасы жыл сайын елдегі жол тораптарының байланысын жақсарту үшін көлік инфрақұрылымын дамытуға баса мән береді. Бұны өз сөзінде өңір жетекшісі ерекше атап өтті.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Елімізде теміржолды жаңғырту ісіне қарқын қосылғаны байқалады. Биыл 1600 шақырымдық жаңа шойын жолдың қолданысқа берілетінін де білеміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде атап өткендей, ТМД елдерін қоса алғанда төселген темір жолдың ұзындығы Қазақстандағы жаңа салынған шойын жолдың қашықтығына жетпейді. Бұл игілік халық үшін жасалуда.

 

Кейін ұзақ жылғы мінсіз қызметі үшін 3 теміржол қызметкері облыс әкімінің қолынан құрмет грамотасы мен алғыс хатын алды. Қажырлы еңбегімен еленгендердің бірі – Вера Оралтаева. Еңбек өтілі 30 жылдан асыпты. Шеше көрген тон пішер демекші, бұл салаға ана жолын қуып келіпті. Жары да өзімен бірге осында жұмыс істейді екен.

 

Вера Оралтаева , “РТЖ” ААҚ Оңтүстік Орал теміржолы филиалы Петропавл бөлімшесінің қызметкері:

– Жұмыс оңай емес, білек күшін талап етеді. Десе де, табысты еңбек етуге бар жағдайлар жасалған. Қызметіміз лайықты бағаланады.

 

Сондай-ақ, бірқатар үздік қызметкерлерге өңір жетекшісі бағалы сыйлықтар тарту етті. Кейін жиылғандарды мерекемен Оңтүстік Орал темір жолының Петропавл қалалық бөлімшесінің басшысы құттықтады.

 

Пётр Мелашенко, “РТЖ” ААҚ Оңтүстік Орал темір жолы филиалының Петропавл бөлімшесінің басшысы:

– Биыл “Ресей темір жолы” ашық акционерлік қоғамының құрылғанына 10 жыл толды. Осы уақыт аралығында талай белестерді бағындырдық. Осы саланың мықты іргетасы қаланды. Алда әлі талай асуларды бағындыруымыз керек. Әріптестерімнің бәрі – кәсіби шеберлер. Осы алған қарқындарынан таймасын деп тілеймін.

 

Салтанатты кеште саналы ғұмырын теміржол қызметіне арнаған еңбек ардагерлері де ұмыт қалмай құрметке бөленді. Атаулы күн – Иван Беспалов үшін қос мереке. Кәсіби мейрамымен қатар жетпістің бесеуіне жеткен қария мерейтойын атап өтті.

 

Иван Беспалов, еңбек ардагері:

Бүгінде теміржол саласы танымастай өзгерді. Барлығы автоматтандырылған. Еңбек етуге өте қолайлы. Бұрынғы жұмыс орныма жиі барамын. Ізбасарларымның шеберлігіне тәнті болдым. Бізді де әрдайым ұмытпай құрметтеп тұрады.

 

Шойынжолдағылардың қуанышына ортақтасқандардың бірі – ВТБ банкінің СҚО филиалы. Қаржыгерлер ұзындығы 4 метр, салмағы 90 келі болатын тортты сыйға тартты. Ал  өңіріміздің үздік өнер ұжымдары өз құттықтауларын ән-жырмен жеткізді.

 

Жеңіс Ермұқанов