Құқық қорғау органдары

Телефон лаңкесінің ісі бойынша сот үкімі шықты

Бұл – ағымдағы жылдың мамыр айында болған оқиға. 16 жастағы бозбала жұртты түске дейін 2 мәрте дүрліктіреді. Бірінде Пресновкадағы «Феникс» дәмханасында жарылғыш зат қойылды деп хабарласа, 5 минуттан кейін қайта қоңырау соғып “Фортуна” дүкенінің де күллі көкке ұшады деген. Оқиға орнына жедел түрде жеткен қызметкерлер екі нысанды да тексеріп, ақпараттың жалған екендігін анықтайды. Еріккен жігіт ұсталды. Ол Жамбыл ауданындағы Святодуховка елді мекенінің тұрғыны болып шықты. Бүгін кәмелет жасқа толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта оған қатысты үкім шығарылды.

 

Бақыт Қасейінов, СҚО кәмелеттік жасқа толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы:

Портополов Алексей Владимирович кінәлі деп танылып, 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылды. Оған тұрақты мекен жайын, жұмысы мен оқу орнын ауыстыруға, басқа жаққа шығуға, ойын-сауық орындарына баруға тиым салынады және мамандандырылған мемлекеттік органның талаптарын орындауға міндеттеледі.

 

9-шы сыныптың оқушысы өзі жалғыз тұрып келген. Ол өз кінәсін толығымен мойындап отыр. Ойнаймын деп от басқан ол осындай қылықтардың өкінішті аяқталатынын енді түсінген.

 

Алексей Портополов:

Өтіріктің құйрығы бір- ақ тұтам. Соны енді ғана ұқтым.

 

Облыс аумағында жыл басынан бері жарылғыш зат туралы жалған ақпарат берудің 3 фактісі тіркелген.

 

Мағжан Ахмадина