Қоғам

“Поиск” тобы Еске алу вахтасынан оралды

1943 жылы Ресейдің Калуга облысында кескілескен ұрыстар өтті. Отанын жауға бермей қасық қаны қалғанша алысқан Кеңес әскерінің мыңдаған жауынгерін сол қанды шайқастарда қара жер құшты. Алғы шепте Ақмола облысында құрылған 387-ші атқыштар дивизиясының түгелдей ерлікпен қаза болғаны мәлім.

 

Андрей Кошелев, “Поиск” іздеушілер жасағының командирі:

– Қоршауда қалған қазақстандық дивизия жауынгерлерінің бірі де аман қалмаған. Шамамен 7 мыңнан астам қазақстандық сардар сол жерде із-түссіз жоғалып, қаза болғандардың қатарында. Өкінішке қарай, жерлес жауынгерлер жатқан ұрыс алаңына жете алмадық. Жауын толастамай, жолдарды шайып тастады. Келесі көктемде қайта барамыз.

 

Өңіріміздің өнегелі жастарынан құрылған жасақ көрші елдің аталған өлкесіне 2010 жылдан экспедиция жасап келеді. Осы аралықта іздеушілермен талай жауынгердің сүйегі табылып, жер қойнауына тапсырылыпты. Бұл жолы 66 жауынгер табылған.

 

Андрей Кошелев, “Поиск” іздеушілер жасағының командирі:

– Өкінішке қарай, сүйектері табылғандардың есімдерін анықтау мүмкін емес. Тек біреуінің медальоны бар. Ол Мәскеудегі сараптама орталығына жіберілді. Өзгелері жөнінде мәлімет беймәлім болғанымен, келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін жандарын пида еткендері айдан анық. Отан үшін отқа түскен қайсар жандардың мәйіттері бауырластар зиратына құрметпен жерленді.

 

Кезекті халықаралық “Еске алу вахтасына” атсалысқан жерлестеріміз сұм соғыстың қалдықтарын да алып шыққан.

 

Андрей Кошелев, “Поиск” іздеушілер жасағының командирі:

– Көбіне, қару-жарақ, оқ-дәрілер, әскери заттар жер бетіне шығады. Олар залалсыздандырылып, мұражайларға тапсырылады. Биыл да тарихтан сыр шертетін біраз олжамен оралдық.

 

Белсенді іздеушілер тобы келесі сапарға алдағы күз айларында аттанады. Қазба жұмыстары Ресейдің Тула өңірінде жалғаспақ.

 

Жеңіс Ермұқанов