Спорт

Мектеп оқушылары арасындағы веложарыс

3 күндік жарыстың нәтижесінде 5 команданың арасынан ақтық сынға Мамлют, Айыртау аудандары және Петропавлдың жастары шықты. Жігіттер велосипедпен ойлы-дөңді жермен 10 шақырымды бағындырса, қыздар 5 шақырым жүріп өтулері керек. Спортшы жасөспірімдер жайсыз жолда бірнеше рет сүрінсе де, жеңіске деген сенімдерін жоғалтпай, қайта тұрып, жарыс алаңына қосылып отырды. Мұқалмаған жігерінің арқасында олар тұғырлы орыннан бірақ шықты. Солардың бірі – Юлия Сюсюкина.

 

Юлия Сюсюкина, жарысқа қатысушы, Айыртау ауданы:

-Дөңдері көп мұндай бұралаң жолда қыз балаға жарысу әрине, қиындау. Бірақ, мен спартакиадаға келердің алдында осындай талаптың болатынын біліп, үйде арнайы жаттықтым. 1-айналымда суырылып шығып, мәреге көш бастап келдім.

 

Жекелей сында Петропавлдың ұлдары қарсыластарына қарағанда сәл басымдау болды. Олар ойқыш-ұйқыш жолдардың түйіскен жерлерімен жарысты. Петропавлдық Илья Леднев мүмкіндікті қолдан жібермей, 10 шақырымды қас пен көздің арасында бағындырды.

 

Илья Леднев, жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

– Алдағы мақсатым – ел чемпионатына қатысып, құрама сапындағы алғашқы 6 велошабандоздың қатарынан көрінгім келеді. Осы жарыстардың арқасында біраз тәжірибе жинадым. Және арманға қол жеткізу үшін талмай-тынбай жаттығу керектігін көкейіме түйдім.

 

Жүйріктер 2 жылда 1 рет өтетін оқушылар арасындағы республикалық спартакиадаға қатысатын болады. Ол келесі жылы өтеді деп күтілуде.

Сөйтіп, 5 құраманың ішінен жалпыкомандалық есепте Айыртау ауданы 514 ұпаймен алға шықты. Олар Петропавл велошабандоздарын 126 ұпаймен артқа тастады. Үшінші орынға 316 ұпаймен Мамлют ауданынан келген жас спортшылар жайғасты.

 

Берік Қасен