Ауыл шаруашылығы

Элеваторлардың орақ науқанына әзірлігі тексерілуде

Астық ору науқанына дейін санаулы күндер ғана қалды. «Мамлют ұн үгу комбинаты» биыл барлық құрылғыларын жөндеп, астық қабылдауға дайын отыр. Кәсіпорын қазіргі уақытта толықтай тексерістен өтіп, арнайы құрылған комиссия мүшелерінен жоғары баға алды. Біріншіден, қоймалардағы желдету, дән тазарту және кептіру жүйелерінің хал-жағдайы мен сапасы қаралды. Мұнда жалпы 6 ұн кептіргіш бар. Оның әркайсысы жіті тексерілгенімен, ақау табылған жоқ. Сондай-ақ, элеваторлардағы өндірістік-техникалық зертханаларының заманауи құрылғылармен жабдықталуы басты назарға алынды.

 

Анатолий Шрамко , «Мамлют ұн үгу комбинаты» ЖШС бас директоры:

-Астықты сақтау және өңдеу жөнінен Мамлют ұн үгу комбинаты облыста ғана емес, республика бойынша үздік кәсіпорындар қатарында келеді. Бізге астығын мамлюттік агроқұрылымдармен қатар жақын маңдағы Есіл, Қызылжар, Жамбыл аудандарының диқандары әкеледі. Сұранысқа сай болу үшін техникалық және тасымалдағыш қондырғыларды жаңарттық.

 

Бұл кәсіпорында жалпы 300-ден астам адам еңбек етеді. Комбинаттың күніне 250 тонна бидай қабылдап, 192 тонна үн өндіруге қауқары жетеді. Владимир Байдановтың осы мекемеде еңбек етіп жүргеніне 32 жыл болыпты. Ол мұнда жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған дейді.

 

Владимир Байданов, «Мамлют ұн үгу комбинаты» ЖШС механигі:

-Мен бұл элеваторға алғашқы рет 1981 жылы келдім. Жұмысым өзіме өте ұнайды. Жалақым да жақсы. Барлық жұмыс автоматтандырылған.

 

Қазір облыста 54 элеватор бар. Оның 43-і биылғы бидай қабылдау науқанына толықтай тексерістен өткізілді.

 

Біржан Қойшыбаев