Көлік және жолдар

Бағдаршамдар жаңартылуда

 

Қазіргі таңда Петропавл көшелерінде 71 бағдаршам жұмыс істеп тұр. Биыл жол-көлік қатынасын бір жүйеге келтіру мақсатында қалалық бюджеттің есебінен 16 млн. теңге бөлінген. Бұл қаржыға жаңа тағы 4 бағдаршам орнатылуы тиіс болса, соның екеуі іске қосылды. Бірі Евгений Брусиловский мен М. Әуезов көшелерінің қиылысында, ал екіншісі Евней Бөкетов пен Пушкин көшелерінің бұрылысында тұр. Қос жолсілтегіш те ресейлік өнім, барлық талаптарға сай жасалған. Жол сақшылары жаңа бағдаршамдар көлік қозғалысын реттеуді біршама жеңілдетеді дейді.

 

Әбілсейіт Жолаушин, СҚО ЖПБ аға инспекторы:

-Бұған дейін бұл жерде арнайы жол-көлік белгілері тұрған. Сол кезде, қосалқы көшедегі көліктердің жүргізушілері біраз бөгеліп қалатын. Өйткені, негізгі жолмен жүретіндерге басымдық көп берілетін. Сол себепті, біз олқылықтарды жою үшін жаңа жол сілтегіштерді осында орнатқанды жөн санадық.

 

Бағдаршамды орнатумен “Дорсигнал” ЖШС айналысады. Кәсіпорын директорының орынбасары Юрий Зартдиновтың айтуынша ескілерінің қуаттылығы 100 ваттық. Кернеу сәл көтерілсе болғаны, бірден істен шығады екен. Сол себепті, ондайларды елге әкелуге шектеу қойылыпты. Ал, диодтты жарығы барлар тоқтаусыз жұмыс істеуге шыдас береді.

 

Юрий Зартдинов, “Дорсигнал” ЖШС директорының орынбасары:

-Брусиловский мен Әуезов көшелерінің бойында көліктер үшін 8 бағдаршам орнатылған. Дәл соншасы жаяу жүргіншілерге де арналды. Оның 4-еуінде уақыт есептегіш құрылғысы бар. Барлығы машиналар мен жаяу жүргіншілердің өтуін кезегімен реттеп отырады.

 

Бұл ретте жаяулата жүретін тұрғындардың да пікірін білдік.

 

Бағдаршам қойғаны жақсы болды. Мына жақта саябақ, бала-шаға көп жүреді. Демалатын адамдардың көбі ауылдық жерлерден келеді. Бұл жерде машиналар көп жүреді.

Бұрындары бұл жерде машиналар аз жүретін, қазір көбейіп кетті. Бұл жерлермен бала-шаға жиі өтеді. Кейбір автобус бағыттары осы қиылыспен жүреді. Сол, себепті бұл құрылғылардың дәл осы жерде орнатылғаны дұрыс болды.

 

Алдағы уақытта осындай тағы екеуі іске қосылады. Олардың қай көшеде орын тебетіні әлі белгісіз. “Дорсигнал” мамандарының айтуынша, мұнымен қоса ескірген бағдаршамдарды жаңғырту жайы да қарастырылып жатыр.

 

Берік Қасен