Спорт

Сергей Харламов әлем чемпионатында қазақстандық рекордты жаңартты

 

Франция елінде жеңіл атлетикадан өткен Әлем чемпионатында Қазақстанның намысын 8 спортшы қорғады. Құрама сапында Солтүстік өңірден Сергей Харламов та өз өнерін көрсетті. Жерлесіміз жеңіс тұғырынан көрінбесе де, 100 метр қашықтықты 13,82 секундта жүгіріп өтіп, қазақстандық рекордты жаңартқан. Ол мұндай жетістікке тынымсыз жаттығудың арқасында қол жеткізіп отыр. Ұзындыққа секіруде де өз бағын сынамақ болыпты, бірақ, осыған дейінгі спорттық тартыстан алған жарақаты сыр берген.

 

Сергей Харламов, жеңіл атлетикадан мүегедектер арасындағы халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– Жарыста әре сызығын 11-ші болып кескеніме қуандым. Ал, ұзындыққа секіруден ақтық сайысқа шықсам да, ойдағыдай нәтиже көрсете алмадым.

 

Маңыздысы – жеңіс емес, жарысқа қатысу. Әлем чемпионатында ел қоржынына жүлде салмаса да, спортшының көрсеткіші бапкерлердің көңілінен шығып отыр.

 

Вячеслав Латышев, “Ymit” мүгедектерге арналған спорт клубының директоры :

-Бұл өте жақсы көрсеткіш. Былтыр Лондонда өткен параолимпиадалық ойындарға қатысқан барлық жүлдегерлер биыл да ұзындыққа секіруде өз бағын сынады. Сергей – жігерлі спортшы, жарыстың алдында алған жарақатына қарамай, алған бетінен қайтпады.

 

Бұл – Сергей Харламовтың алғашқы әлем чемпионаты. Аздаған демалыстан кейін ол күшейтілген жаттығуын қайта бастамақ. Демек, жеңіс алда.

 

Берік Қасен