Балалар

“Достық” лагерінде балалар ер жүрек десантшымен кездесті

Ардақ Бекішев балаларға өзінің өмірбаяны мен басынан өткерген оқиғалары жайлы айтып, бірден баурап алды. Әңгіме қызықтырғаны соншалық  ұйып тыңдаған жеткіншектер сұрақтарын жаудырды. Өйткені Ардақ Бекішевтің ұрпаққа айтары мол, өмірден түйген-білгені көп. Ол бірнеше жыл қатарынан ҚР әуе-қарулы күштерінде қызмет еткен. Ирактағы бітімгерлік операциясына қатысып, Президенттің қолынан “Жауынгерлі ерлігі үшін” медалін алған.

 

Ардақ Бекішев, СҚО қорғаныс істері жөніндегі басқармасы жұмылдыру даярлығы және аумақтық қорғаныс бөлімшесінің бастығы:

-Өзім кезінде бірнеше дүркін аудан чемпионы болдым. Қазақша күрестен “Спорт дәрежесіне үміткер” атағын алдым. Келесі арманым парашюттан секіру болды. Соған жетуге тырыстым. Сондықтан, жаңағы әуе-десантшылар бригадасына мерзімдік қызметке шақырылып,сол жақта қалып, ары қарай келісім-шарт бойынша қызмет атқарып, Жоғарғы Алматы әскери училищесін түсіп, соны тәмамдап “лейтенант” әскери атағын алдым .

 

Ардақ Бекішевтің өнегелі еңбек жолы – өскелең ұрпаққа үлгі.

Бұл жолы “Достық” лагерінде оқушылар арасында зияткерлік ойын ұйымдастырылды. Балалар мемлекеттік тілге деген жанашырлығын тіл сайысында дәлелдеді. Оған 4 жасақ қатысты. 6-сыныптың оқушысы Виолетта Баева мұндай шаралар қазақ тілін меңгеруге септігін тигізеді дейді.

 

Виолетта Баева:

-Күн сайын әр түрлі шаралар өтіп тұрады. Мысалы, бүгін “Мемлекеттік тіл” күні. Біз күнде 1 сағат қазақ тілінде сөйлейміз.

 

Бұл шараның соңы спорттық ойындарға ұласты. “Жас ұлан” балалар мен жасөспірімдер ұйымының мүшелері оқушыларға арнап өздері ойластырған “Орда” және “Жас ұлан аламаны” ойындарын өткізді.

 

Дана Айбасова, “Жас ұлан” балалар мен жасөспірімдер ұйымының мүшесі:

-Ол стратегиялық және спорттық ойын болып келеді. Сонымен қоса, ол әр адамның ойлау қабілетін арттырады. Мұнымен тоқтап қалмай басқа лагерлерге барып ойындар, тренингтер өткізбекшіміз.

 

Қатысушылардың барлығы бағалы сыйлықтармен марапатталды.Ардақ Бекішев ағамыз айтқандай, мұндай патриоттық, спорттық шаралардың бүгінгі жасты тәрбиелеуде маңызы зор.

 

Берік Қасен