ТКШ

Облыс әкімінің виртуалдық қабылдауы солтүстікқазақстандықтардың мәселелерін шешуге мүмкіндік тудыруда

 

Алтынсарин көшесіндегі 216-шы үйдің салынғанына   20 жыл. Адамдар осы баспанаға кіргелі бері маңайға бір де бір жөндеу жүргізілмепті. Ойқы-шойқы жол тұрғындарға талай уақыт маза бермей келген. Әсіресе, қар еріп, жаңбыр жауғанда азық-түлік алу үшін дүкенге жете алмай әлек болатынбыз дейді Людмила Плотникова.

 

Людмила Плотникова, үй тұрғыны:

– Үйіміз жаңа, бірақ жол мәселесі барлығымыздың титығымызға тиіп бітті. Қоқыс төгуге барып, тізеге дейін саз болып кіретінбіз. Сосын аулаға резеңке етік киіп шығатын болдық.

 

Мәселе шешілді. Облыстық бюджеттен 4 млн теңге бөлініп, қазір мұнда асфальт төселіп жатыр. Адамдардың қуанышында шек жоқ.

 

Леонид Кушнир, үй тұрғыны:

– Бұл жерде асфальт атымен болмайтын. Жырым-жырым жолмен жүріп әбден жалықтық. Облыс әкімі Самат Ескендіров жол мәселесін шешуге ерекше көңіл бөлуде. Оған алғысымды білдіреміз. Асфальттің төселіп жатқанын көріп риза боламыз. Сапасы да жақсы көрінеді.

 

«Дорожник Ашық Аспан» ЖШС осы жерде 4-ші күн жұмыс істеп жатыр. 1500 шаршы метр аумаққа қалыңдығы 5 см асфальт төселеді.

 

Радик Аршакян, «Дорожник Ашық Аспан» ЖШС директорының орынбасары:

– Жөндеу жұмысына 15 адам мен 10-ға жуық техника жұмылдырылды. 180 тонна асфальт жұмсалды. 1-2 күнде аяқтаймыз.

 

Жалпы, ағымдағы жылы аула ішіндегі жолдарды жөндеуге облыстық бюджеттен 120 млн. теңге қарастырылған.

 

Мағжан Ахмадина