Спорт

Облыс әкімі Самат Ескендіров СҚО футбол федерациясының президенті болып сайланды

 

Алдымен жиылғандар Солтүстік Қазақстан облысы футбол федерациясының президентін тсайлады. Самат Ескендіровтың кандидатурасын барлығы бірауыздан қолдады. Конференцияға қатысқан Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті Виктор Катков облыстық футбол федерациясының жетекшісін құттықтап, сыйлығын тарту етті.

 

Виктор Катков, ҚР футбол федерациясының вице-президенті:

-Құрметті әріптестер, Қазақстан футбол федерациясының міндеті – барлық аймақтарда футболдың дамуына көмектесу. Облыстарда спорттың бұл түрі қалай дамыса, елдегі деңгейі де сондай болмақ. Мемлекетіміздегі футболдың 2 бағыты бар. Ол – бұқаралық және кәсіби.

 

Өңіріміздегі «Қызылжар СК» ФК Қазақстан чемпионатының бірінші лигасында бағын сынап жүр. Ағымдағы жылы жерлес аяқ доп шеберлері жақсы нәтижелер көрсетті. Оған қаржыландыру көлемінің ұлғаюы септесті. Ағымдағы жылы бұл сома 123 млн. теңгеден асқан. Тиісінше, құрамада бірқатар өзгерістер орын алды.

 

Марат Оспанов, «Қызылжар СК» ФК президенті:

-Жергілікті аяқ доп шеберлерін құраманың қатарына тартуға тырыстық. 5 ойыншы шеттен шақыртылды. Дайындықты қаңтар айынан бастағанбыз. Бірінші айналымдағы нәтиже бойынша, команда 4 орынға ие болды. Алайда, одан кейін бірнеше құрамадан ұтылып қалдық. Сөйтіп, 7 орынға ығыстық.

 

Осылайша, ойындардың қорытындысы жасалып, 10 адам қызметінен босатылды. Олар – жаттықтырушылардың үмітін ақтамағандар. «Қызылжар СК» ФК басты мақсаты – үздіктердің қатарына шығып, премьер лигаға жолдама алу. Бұл ретте аяқ доп шеберлерімізді психологиялық тұрғыда дайындап, жеңіске деген ынтасын арттыру қажет дейді жаттықтырушылар.

 

Вячеслав Ледовских, «Қызылжар СК» ФК бас жаттықтырушысы:

-Ұтылған себебіміз – шеттен келген футболшылар бар. Сондықтан біраз уақыт керек. Олар бір-біріне үйренуі тиіс. Кей ойыншылармен келісім-шартты тоқтаттық. Өйткені олардан кәсіби өсімді байқамадық. Командаға 1-орынға ие болу міндетін қоямын. Атқаратын іс ауқымды. Футболшылардың рухын көтеру қажет.

 

Жиында «Қызылжар СК» ФК-ның жанынан қосымша құрама құру ұсынысы жасалды. Оған 16 мен 19 жас аралығындағы бозбалаларды тарту көзделген. Өңір жетекшісі облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналинге бұл мәселені қарастыруды тапсырды.

 

Самат Ескендіров, СҚО футбол федерациясының президенті, СҚО әкімі:

-Маған сенім артқандарыңызға ризашылығымды білдіремін. Біздің футбол клубымыздың жанкүйерлері көп. Олар жергілікті аяқ доп шеберлері сынға түскенде ішкен асын жерге қойып, стадионға асығады. Ойыншыларға жақсы қолдау көрсетеді. Біздің міндетіміз – олардың үмітін ақтап, үздік атану. Алдағы 3 ойынды жеңіспен аяқтауға тырысу қажет. 3 кездесу де біздің алаңда өтеді. Бұл футболшыларымызға көмектеседі деген сенімдемін.

 

Айдана Демесінова