Қайырымдылық

«Мектепке жол» акциясы басталды

«Мектепке жол» акциясы аясында барлық өңір тұрғындары көмекке зәру отбасы балаларына қол ұшын бере алады. Ол үшін бүгінде облыс орталығы мен аудандарда қайырымдылық жәшіктері орнатылуда.

 

Күлпаш Қалғожина, СҚО білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы:

– Акцияның мақсаты – әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларының санын анықтап, материалдық көмек көрсету. Балалардың мектепке бармай қалуының алдын алу.

 

Оқушыларға жергілікті қалталы азаматтар да жәрдемдесуге әзір. Былтыр демеушілердің арқасында 23 млн. теңге жиналыпты.

 

Тотықамал Құлжанова, СҚО балалар құқықтарын қорғау бойынша басқарма басшысы:

-Соңғы 5 жылда 53 мың балаға 163 млн. теңгенің көмегі көрсетілді. Бір қуантарлығы, бала үшін барын беретін үкіметтік емес ұйымдар мен жеке кәсіпкерлердің қатары қалыңдап келеді.

 

Биыл жаңа оқу жылында мектепке 72 мыңнан астам оқушы барады. Оның 7 мыңнан астамы – 1-ші сыныптың бүлдіршіндері. Бір айта кететін жайт, ағылшын тілі бұрын 5-ші сыныптан бастап оқытылса, енді 1-сынып оқушылары да оқитын болды.

Баспасөз мәслихатында түнгі уақытта уақытта жүретін жасөспірімдер жайлы да сөз болды. Сол себепті, акция аясында тәртіп сақшылары рейд шараларын жүргізуді жоспарлап отыр. Жыл басынан бері ересектердің бақылауынсыз қыдырған 240 баланың ата-анасына ескерту жасалған.

 

Біржан Қойшыбаев