Энергетика

Энергетиктер қызмет құнын көтермекші

 

Энергетиктер қоғамға аса қажетті өнімнің құнын ұлғайтуға мұқтаждықтан бардық дейді. Сараптамалық кеңес мүшелері ұсынысты зерттеп, сұрауларын толықтай қағаттандыруды негізсіз деп тапқан. Бар шығынның тең жартысы – жылу өндіруге жұмсалатын шикізатттың үлесінде. Оны жеткізудегі жол машақаты да артып отыр. Бұл жағы ескерілді.

 

Марат Мұстафин, ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің СҚО бойынша департаментінің директоры:

– Тарифтің өсімі 9 пайыздан аспайды. Ол халыққа 8 пайыздан төмен болады. Жылуға төлейтін шаршы метрі 81,7 теңге болса, ол 6 теңгеге көбейді. Енді 87,4 теңге болады.

 

Бұл – тұтынушыларға берілетін қызметтің ортақ құны. Оған “2-ші жылу электр орталығы” , “Петропавл жылу желілері” және “Севказэнергосбыт” кәсіпорындарының еңбегі кірістірілген. Алдыңғы екеуінің мойнында жылу мен жарықты өндіріп өңдеу. Соңғысы дайын өнімнің халыққа үздіксіз таралуын қамтамасыз етеді.

 

Мағауия Сағандықов, “СевКазЭнергосбыт” ЖШС директоры:

Біздің үлесімізге тиетін өсім 1 пайыздан да аспайды. Тұтынушылар ол өзгерісті сезінбейді де. Шамамен шаршы метр жылудың бағасы 77 тиынға көтерілді.

 

Өзгертілген тариф үстіміздегі жылдың 1 қазанынан қолданысқа енеді. Сондай-ақ, қоғамдық тыңдауда тұрғындар мазалаған мәселелеріне жауап алды. Көбін есептегіш құрылғыларды орнатудың тиімділігі қызықтырды. Энергетиктер осыған қатысты дифферинциалды тариф жүйесін ендіруге ниетті екендерін айтты. Егер де сұраулары қанағаттандырылса, пайдаланған өнімді өлшейтін жабдығы барлар қызметке 20 пайызға аз төлейді.

 

Жеңіс Ермұқанов