Спорт

Жас велошабандоздар республикалық жарыста үшінші орынды жеңіп алды

Бұл дода дәстүрлі түрде бірнеше жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Бұған біздің өңірден 12-14 жас аралығында 8 велошабандоз қатысты. Оның 6-уы командада, ал қалған 2-еуі жекелей сында бақтарын сынап көрді. Соның бірі – 1 разряд иегері Сергей Мальцев аталған спорт түрімен 5 жыл айналысады екен. Қарсыластарына есесін жібермеуге тырысқан ол 10 ұпай жинап, 5-ші орынға қол жеткізді. Қорытынды сәтте төрешілердің назарына ілігіп, турнирдің ең белсенді жүйрігі атанды.

 

Сергей Мальцев, велошабандоз:

– Бұл командалық жарыс болғандықтан бәріміз бір-бірімізді қолдап, бірге қозғалып отырдық. Өзара демеу жасамасақ, жарыс бізге қиынға соғар еді.

 

5 күн бойы 6 кезеңде өзара күш сынасқан 14 құраманың тең жартысы Алматы, Тараз, Шымкент қалаларынан. Ал Астана құрамаларына тең келетіндер табылмаған, өйткені, бас қаладан 7 бірдей құрама қатысыпты. 1-ші мен 2-ші орындар соларға бұйырған. Жалпыкомандалық есепте жиналған ұпай санымен біздің өңірдің жүйріктері 38,39 уақытпен басқаларынан оқ бойы озық тұрып, үздік үштіктің қатарынан көрінді. Республикалық велокөпкүндік оңайға соққан жоқ дейді спортшылар. Бірақ, жерлестеріміз бапкер Петр Несовтың қойған тапсырмаларын бұлжытпай орындап, 25 км қашықтықты уақытында еңсерді.

 

Петр Нетесов, бапкер:

– Екінші орынға дәмелі едік, бірақ ойда-жоқта оқушыларым сәтсіздікке ұшырап құлай берді. Дегенмен, бастапқыда бәріміз ерік-жігерімізді, үмітімізді жүлделі орындарға үкілеп бардық. Жақсы нәтиже көрсету ойымызда болған.

 

Жарысқа қатысқан 5-уі велоспорттан 1, 2-ші разряд иегерлері. Және олар ертең Петропавл қаласында өтетін облыстық оқушылар арасындағы спартакиадада тағы да бақтарын сынамақ. Араларында болашағынан үміт күттіретін жас дарын Вадим Пролубников та бар.

 

Вадим Пролубников, велошабандоз:

– Келесі сайыстарда бағымыз жанады, оған кәміл сенемін. Ал,әзірге Көкшетауда жасөспірімдер арасында өтетін ел чемпионатында жақсы нәтижеге қол жеткізіп, өзімді көрсеткім келеді.

 

Алда спортшыларымыздың жоспарлары ауқымды. Ең алдымен, олар өңірдің намысын республикалық велокөпкүндікте қорғайды. Тартысты дода тамыздың 5 – 10 аралығында Петропавлда өтеді.

 

Берік Қасен